«САМҰРЫҚ–ҚАЗЫНА» МЕН «АТАМЕКЕН» БИЫЛ ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІЛЕРМЕН 10 ОФФТЕЙК-КЕЛІСІМ ЖАСАЙДЫ

«Самұрық–Қазына» АҚ мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық кәсіпкерлікті бірлесіп дамыту туралы келісімге қол қойды. Қол қою рәсіміне Қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Тимур Кулибаев қатысты.

Келісім-шарт өндірістік кәсіпорындарға Қор компанияларымен ұзақ-мерзімді келісім-шарт жасауға, бизнестің дамуын қамтамасыз етіп, отандық өндірушілерді қолдау мақсатымен тиімді шешімдерді қабылдауға бағытталған.

«Отандық тауар өндірушілерді қолдау – «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу жүйесін дамытудағы негізгі мақсаттардың бірі. Қазақстандық тауар өндірушілердің дамуының арқасында Қордың компаниялары сапалы тауарды тиімді бағамен сатып алуда, соның арқасында сатып алуға бөлінген қаражат айтарлықтай үнемделуде»,-деді Аметжан Есімов.

Келісім-шарт шеңберінде жаңа өндірістерді қолдауға бағытталған кем дегенде 10 оффтейк-келісім жасау жоспарланған. Екі тарап та өндірісті жаңғыртуға бағытталған ұзақмерзімді келісімдер жасау механизмінің тиімділігіне сенімді. Жаңа құралдардың бірі – «Атамекен» палатасы құратын «Сатып алудың бірыңғай терезесі». Аталған құрал бизнеске нарықтың ауқымын шамалауға мүмкіндік береді, сатып алу үрдісінің жариялығын арттырып, тәуекелдерді кемітеді. А. Есімов биылғы жылы холдингаралық сатып алуларды тағы 30%-ға кеміту жоспарланғанын атап өтті.

 «Кәсіпкерлерге айтарым: қазіргі және ұсынылып отырған қолдау шаралары адал бизнеске арналған. Кәсіпкерлер өз кезегінде жергілікті өндірісті модернизациялау және цифрландыру бойынша ұсыныстарын енгізуі керек. Келісімде қарастарылған бастамалардың іске асуы отандық өнеркәсіптердің жаңа технологияларды игеріп, қосымша құны жоғары тауарларды өндіріп, көрші нарықтарға шығуына жағдай тудыратынына сенімдімін»,- деп атап өтті Тимур Кулибаев.

Келісім шеңберінде отандық бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар шара жоспарланған. Биылғы жылы Қор, «Атамекен» және салалық қауымдастықтардың қатысуымен импорттың орнын алмастыру мақсатымен «қарапайым заттар экономикасының» (жеңіл өнеркәсіп, жиһаз құрастыру, азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс материалдарын шығару, машина құрастыру) өнімдерін арттыруға бағытталған Жоба кеңсесі ашылады. Кеңсе сараптамасына сүйене отырып, «Атамекен» палатасы импорттың орнын алмастыру потенциалын анықтап, қазақстандық өндірушілерді қолдау және дамытудың нақты стратегиясын құрастырады. «Атамекен» палатасы индустриалды сертификат енгізу шеңберінде отандық өндірушілер шығаратын тауарлардың түгел қамтылуын қамтамасыз етеді. Аталған сертификаттары бар өндірушілер алдын-ала квалификациялық іріктеуден өткенде қосымша 20% балл алады.

Биылғы жылдың басында Қор мен «Атамекен» ҰКП «Кабельдік-өткізгіш өнім» және «Арнайы аяқ киім» категориялары бойынша сатып алу стратегияларын бекітті. Бұл стратегиялар бойынша Қордың сатып алуларындағы үнемдеу 439 млн теңге болады деп күтілуде. Сонымен қатар, екіжақты ынтымақтастықтың арқасында жоғарғы вольтты трансформаторлар өндіретін «Азия-Траффо» зауыты  бұрын Қытай, Ресей мен Украинадан сатып алынған құрылғыларды өндіре бастады. Бұл жобалар ішкі инвестицияларды артырып, 200-ден астам жұмыс орнын құруға жағдай туғызды.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Қордың тауар, еңбек және қызмет сатып алу ережелеріне» Қор ішіндегі сатып алу үлесін азайтуға бағытталған өзгерістер енгізілген. Осылайша, ашық тендер арқылы сатып алынатын өнім көлемі 387 млрд теңгеден шамамен 1 трлн теңгеге дейін жетті. 2018 жылы Қор ішіндегі сатып алулар барлық сатып алулардың 90%, немесе 3 трлн теңгені құраған болатын.

2018 жылдың қорытындысы бойынша, сатып алудағы үнемдеу 121 млрд теңгені құрады. Холдингаралық сатып алулардың көлемі 4500 тауар позициясынан 409 позицияға дейін қысқарды, яғни құны 309 млрд теңге болатын сатып алулар бәсекелі ортаға берілді. Жаңа тәсіл 22 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, 8000 кәсіпкерлік субъект қосымша тапсырыс алды. Биыл жаңа тәсілдердің арқасында үнемдеу көлемін 146 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

 

«Самұрық-Қазына»ҰӘҚ» АҚ

Қоғаммен байланыс және маркетингтік

 коммуникациялар жөніндегі департаменті

 

Анықтама: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы – дара акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын қор. Қор 2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған және ол коммерциялық құрылым – инвестициялық холдинг саналады. Оның миссиясы – Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын көтеру және ұлттық экономиканы жаңғыртуға қолдау көрсету. «Самұрық-Қазына» өз миссиясын қоржындық компаниялардың ұзақмерзімдік құны мен тұрақты дамуын арттыру үшін оларды тиімді басқару арқылы, сондай-ақ ұлттық экономиканың басым секторларының дамуына каталитикалық инвестиция салу арқылы жүзеге асырады. Қор активі шамамен $74,1 млрдты құрайды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына мұнай-газ және көлік-логистика секторларының, химия және атом өнеркәсіптерінің, тау-кен кешендерінің, энергетика, машина құрастыру және жылжымайтын мүлік салаларының кәсіпорындары кіреді.

2018 жылы Қор мен «Атамекен» ұлттық палатасы жаңа өндірістерді қолдауға бағытталған жаңа механизм енгізді – оффтейк келісімдер. Бұлмеханизмнің арқасында кәсіпкер әлі өндіріле қоймаған тауарға ұзақ мерзмді тапсырыс алады. Негізгі талап – балама өндірітердің Қазақстанда болмауы.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – коммерциялық емес ұйым. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің ҚР Үкіметі және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу жұмыстарының қарқынын арттыру мақсатында құрылған. Кәсіпкерлер палатасы шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және құқықтарын қорғайды. Палата өз қызметінде кәсіпкерлік саласының, оның ішінде ішкі және сыртқы сауда салаларын қамтиды. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеті – бизнес құқығын және мүдделерін қорғау, бизнестің қызметіне қатысты заңнамалық және басқа да нормативтік қағидаларды қалыптастыру үрдісіне барлық кәсіпкерлердің кең көлемде қамтылуы мен осы үрдістерге кәсіпкерлердің қатысуын қамтамасыз ету. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметі іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға, тұрақтылықты нығайтуға, елде ұлттық, сондай-ақ шетел инвесторларының бизнес жүргізуіне қолайлы жағдайларды дамытуға бағытталған.