Елордада жел есебінен электр қуатын өндіру мүмкіндігі қарастырылады

Елорда әкімдігінде өткен отырыста қала басшысы Бақыт Сұлтанов жаңартылатын энергия көздерін неғұрлым кең және тиімді пайдалану қажеттігіне назар аударды. Бұл туралы Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Отырыс барысында топтық резервуарлық қондырғылардың жұмысы, қаланың  20 жылдығына салынған муниципалды меншік объектілерін муниципалды меншікке қабылдау, сондай-ақ бас қаланы көгалдандыру мәселелері қаралды.

Қазақстанның жасыл экономикаға көшуін іске асыру, жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөнінде отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік мекемелер мен жеке компаниялар құрылыста жаңартылатын энергия көздерін белсенді түрде қолдана бастады.

«Жаңартылатын энергия көздері қаладағы 23 нысанда орналасқан. Бүгінгі таңда олар қала бойынша жалпы 700-ден астам киловатт/сағат энергия беруде. Бұл, электр энергиясына арналған шығынды жылына 20 миллионнан астам теңгеге үнемдеуге мүмкіндік береді. Ұлы дала және Тұрар Рысқұлов көшелері, бірнеше саябақ пен гүл бағы, сорғы станциялары, автобус аялдамалары, экожатақтар және гаджеттерді қуаттау орындары жаңартылатын энергия көздеріне ауыстырылды», деп атап өтті Е. Төлеуов.

Бақыт Сұлтанов Қазақстанда энергияның баламалы көздерін қолданудың жақсы нәтижелері бар екенін тілге тиек етті. Ол аталмыш мәселе бойынша зерттеу жүргізіп тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Дереккөз https://egemen.kz