Қазақстандық делегация WIN EURASIA 2023 көрмесіне қатысуда
Қазақстандық делегация Ыстамбұл қаласында өтіп жатқан WIN EURASIA халықаралық көрмесінің алаңында инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша ірі машина жасау түрік компанияларының басшыларымен бірқатар келіссөздер жүргізуде. Көрмені Түркия Республикасының сауда министрлігі, MAIB (Жабдық экспорттаушылар қауымдастығы) және MAKFED (Түркия машина жасау федерациясы) ұйымдастырды.
WIN EURASIA – Түркиядағы ауқымды шаралардың бірі, ол әлеуетті дилерлермен және өнімнің соңғы пайдаланушыларымен кездесуге, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, сондай-ақ жаңа нарықтарға шығу үшін келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді. Бұл алаңда экспоненттер мен келушілер өңдеу өнеркәсібіндегі заманауи жабдықтармен танысуға және сынауға бірегей мүмкіндік алады.
Көрме жұмысына қазақстандық делегациядан Қазақстан машина жасаушылар Одағының атқарушы дирекциясының директоры Өмірсерік Ержанов және директордың орынбасары Қуаныш Тайшибеков, сондай-ақ “Агротех зауыты” ЖШС, “KSM Resources” ЖШС, “Сантехпром” ЖШС, “Led Solutions” ЖШС, Қарағанды құю-машина жасау зауыты, Karlskrona LC AB, «Steel Manufacturing» ЖШС, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС отандық кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы делегациясының осы көрмеге қатысуы дәстүрге айналды. Көрме барысында қатысушылар WIN EURASIA 2023 түрік экспоненттерімен, сондай-ақ металл өңдеу, дәнекерлеу, автоматтандыру, гидравликалық жүйелер, электр, энергетика және электрондық технологиялар, логистика, жеткізу тізбегін басқару және ішкі логистикалық шешімдер сияқты салаларда жұмыс істейтін өндіруші компаниялармен келіссөздер жүргізді.
Көрменің жұмысына қатысу Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестіктің және машина жасау салаларының дамуына серпін беретіні сөзсіз.