Жүк тасымалын бақылау бюджетке тиесілі салықтың толық төленуін қамтамасыз етеді – Мейрам Пішембаев

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды.

Электрондық сәйкестендіргіш (навигациялық пломба) түріндегі заманауи техникалық құралдарды пайдалану арқылы халықаралық тасымал жүйесіне мемлекеттік бақылаудың жаңа тетігін енгізуге бағытталған құжат мәжілістің қарауына 2020 жылғы 18 наурызда енгізілді.

Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаевтың мәлімдеуінше, халықаралық трафикті бақылаудың ақпараттық жүйесі Қазақстан Республикасы мен ЕАЭО аумағындағы жүк тасымалын бақылап отыруға мүмкіндік береді.

«Заң жобасын қабылдау тауарлардың барлық бағыт бойынша өткізілуінің үздіксіз мониторингін, тауарлардың межелі пункттерге дейін жеткізілуін және бюджетке тиесілі салықтар мен баждардың толық төленуін қамтамасыз етеді», – деді.

Оның сөзінше, парламент мәжілісінің барлық комитеті заң жобасын оң бағалаған. Жұмыс тобына келіп түскен ұсыныстар жұмыс тобы мен комитеттің кеңейтілген отырысында мүдделі министрліктер мен қоғамдық ұйым өкілдерінің талқысынан өткен.  Толығырақ: https://inbusiness.kz/kz/