МӘЛІК МЫРЗАЛИН ҚР ИИДМ ЖАҢА ЖАУАПТЫ ХАТШЫСЫН ТАНЫСТЫРДЫ
Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұжымына жаңа Жауапты хатшыны таныстырды.
«Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен Мереке Құдайбергенұлы Пішембаев Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайындалды», – деді М.Мырзалин.
Ол Сағынов Замир Садықұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР ИИДМ Жауапты хатшысы лауазымынан босатылғанын айтып өтті.
Министр Роман Скляр Замир Сағыновтың Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен жаңадан құрылған «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК басшысы болып тағайындалғанын мәлімдеді. Кәсіпорынның негізгі қызметі – жалпы жолдар мен елді мекендер көшелерінің жұмыстары мен материалдарының сапасын сараптау болып табылады.
Министр сондай-ақ, З.Сагиновқа Құрмет грамотасын табыстады және көп жылдан бергі бірлесіп жасаған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, жаңа жауапты лауазымында сәттілік тіледі.
Мереке Пішембаев 1962 жылы Павлодар облысында дүниеге келді. Өскемен құрылыс-жол институтында, Еуразиялық нарық институтында және Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы мемлекеттік қызмет академиясында оқыды.
Еңбек жолын Павлодар облыстық автомобиль жолдары басқармасының Май аудандық автожолының аға жол мастері, бас инженері болып бастады. 1990-1991 жылдары Ермак аудандық агроөнеркәсіптік бірлестігінің жетекші маманы, Қалмақан суландыру жүйесі басқармасының құрылыс-жөндеу отрядының бастығы болды.
1991-1993 жж. – МП «Дәурен» директоры;
1993-1996 жж. – «Аңсат Павлодар» АҚ зауытының директоры;
1996-1997 жж.- «Павлодар жолдары» ЖПУ -65 бастығы;
1997-2000 жж. – ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары департаментінің бөлім бастығы, Автомобиль жолдары департаменті директорының орынбасары;
2000-2002 жж. – Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік автомобиль жолдары мекемесінің директоры, Автомобиль жолдары комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық басқармасының бастығы;
2002-2013 жылдар аралығында «Қазақавтожол» РМК бас директоры лауазымын атқарды;
2013 жылғы қазаннан бастап 2014 жылғы тамыз аралығында Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі болды;
2014 жылғы тамыздан бастап ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы, кейін Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы лауазымын атқарды.