Жаңа технологияларды енгізген машина жасаушыларды мемлекет қолдайды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Үкіметі өнім экспортын арттыратын машина жасау кәсіпорындарына мемлекеттік қолдауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астанадағы Қазақстан машина жасаушыларының VI Форумында баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінде Үкіметтің тапсырмасы бойынша Машина жасаушылар одағымен бірлесіп, 2019-2030 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың кешенді жоспарының жобасы әзірленді.
Оның мақсаты – отандық машина жасау саласында бәсекеге қабілеттілікті арттыру, ішкі нарықты қазақстандық өніммен қамтамасыз ету, сондай-ақ экспорт деңгейін көтеру.
«Жоспар аясында қолдаудың қаржылық шаралары да қарастырылуда. Сонымен бірге, мемлекеттік қолдаудың ұсынылған шараларына жауап ретінде бизнес тарапы нақты көрсеткіштерге жету бойынша міндеттемені өзіне жүктеуі тиіс. Осы орайда бизнес экспортты, еңбек өнімділігін арттыру секілді қадамдарды жүзеге асырады. Мұндай міндеттемелерді алуға, техникалық жаңаруға қаржы салуға дайын және жаһандық нарықтарға шығуға әзір кәсіпорындарға жан-жақты мемлекеттік қолдау жасалады», – деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанадағы EXPO Конгресс-орталығында Қазақстан машина жасаушыларының VI Форумы өтіп жатыр.
Жеңіс Қасымбектің сөзіне қарағанда, 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша сатылған әрбір екінші автомобиль отандық өндіріске тиесілі.
Источник: inform.kz