Биыл елімізде 20 мыңға жуық автокөлік құрастырылған
Биылғы жылғы 8 айда жалпы сомасы 117,7 млрд теңгені құрайтын 19 мыңнан астам автомобиль өндірілген. Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар жəне даму бірінші вице-министрі Роман Скляр осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Машина жасау саласы индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бес жылдығы жүзеге асқан жылдары еліміздің қарқынды дамыған саласына айналды. 2018 жылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша машина жасау өндірісінің көлемі 638,1 млрд теңгені, өндіріс өсімі 13,8% құрады», – деді Скляр.
Вице-министрдің айтуынша, машина жасау саласында өсімнің ең жоғары қарқынын автомобиль құрастыру көрсетіп отыр. Биылғы жылғы 8 айда жалпы сомасы 117,7 млрд теңгені құрайтын 19 мыңнан астам автокөлік өндірілген. Сондай-ақ, елімізде электртехникалық машина жасау секторы тұрақты қарқынмен дамып келеді.
«Жалпы, индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылған жылдары машина жасау саласында шамамен 260 млрд теңге сомасына 100 астам жоба жүзеге асқан жəне 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылған», – деді Роман Скляр.
Атап өтсек, бүгін Астана қаласының EXPO Конгресс-орталығында Қазақстан машина жасаушыларының VI Форумы басталды. Екі күнгі форумды Қазақстан Республикасының Үкіметі және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан машина жасаушылар Одағы ұйымдастырып отыр.
Қайна көз: baq.kz