МАШИНА ЖАСАУ КЕШЕНІ ПАВЛОДАРДЫҢ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛА МА
Алюминий зауытымен, ГРЭС-1 станциясымен әйгілі Павлодар өңірінің машина жасау саласында да абыройы артар күн алыс емес.
Еліміздің машина жасау саласында Павлодар облысының орыны бөлек. Өндірісті өлке Қазақстанның ірі кәсіпорындарын ауыр техникалармен қамтып отыр. Бұдан бөлек, салаға қажетті кәсіби кадрлардың бір шоғары осы аймақта дайындалады. Ал соңғы жылдары бұл өңір темір жол вагондарын құрастыруда тыңнан түрен сала бастады.
Қазақстанның машина жасау саласын сөз еткенде Павлодардың трактор зауыты бірден еске түседі. Жылына 40 мың техника шығаратын кәсіпорынның Кеңес үкіметімен бірге құлағанын жақсы білеміз. Бүгінгі ұрпаққа ертегідей естілетін трактор зауыты тып-типыл болса да, Павлодардың машина жасау саласы біржола тұралап қалған жоқ. Керісінше, өнеркәсіптің өзегі саналатын бұл сала соңғы жылдары қарқын ала бастады.
Жүк крандарын шығаруда жолда қалдырады
Еліміздің ірі кәсіпорындары өндіріске қажетті кран мен жүк вагондарын Павлодар өңірінен алып отыр. Мәселен, тарихы тым әріден басталатын Павлодар машина жасау зауыты – елімізде өндіріске қажетті жүк көтергіш техникаларды шығаратын жалғыз кәсіпорын. Республика бойынша жүк көтерімділігі 50 тоннадан асатын үлкен крандарды, сондай-ақ белгілі бір мақсатқа ғана пайдаланылатын жүк көтергіш техникаларды тек Павлодарда құрастырады. Бұл жағынан Қазақстанда Павлодар машина жасау зауытымен бәсекеге түсер кәсіпорын жоқ.
«Арнайы тапсырыстар кезінде біз қолданатын техникалық шешімдерді Ресейдегі ірі зауыттардың өзі жасай алмайды. Өйткені, технологиясы өте қиын. Оның үстіне қауіптілігі жоғары мұндай техникаларды құрастыруға қойылатын талап та күшті. Бұл істе шын мәнінде мықты, кәсіби кадрлар қажет. Бұдан бөлек, зауыттың жарақтандырылуы да тиісті талапқа сай болуы шарт. Өндірістік крандарды шығаруға жұмсалатын шығын да аз емес», – дейді Павлодар машина жасау зауытының директоры Леонид Белогривый.
Кәсіпорын бір тапсырысты үш-алты ай аралығында дайындап шығарады. Зауыт 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында 6 жүк көтергіш техниканы құрастырған. Сонымен қатар, 113 тонна металл конструкциясы мен 815 тонна стандартты емес құрылғыларды өндірген. Бес ай ішінде 1 млрд 780 мың теңгенің өнімін сатқан. Леонид Белогривыйдың сөзінше, зауыттың биылғы көрсеткіштері жақсы. Дегенмен, кәсіпорын өз мүмкіндігін толық пайдаланып отырған жоқ. Себебі, тапсырыс аз.
«Зауыт ERG Service акционерлік қоғамының филиалы. Яғни, Еуразиялық Топқа қарайды. Шыны керек, зауыттың аталған топ құрамында болғандығы мол пайда әкеліп отыр. Өйткені топқа қарасты кәсіпорындардың тапсырысын біз орындаймыз. Сондай-ақ бүгінгі деңгеймен шектеліп қалмай, басқа да өнім түрлерін өндіруге әзірміз», – дейді Леонид Белогривый.
Бүгінде зауыт өз өнімін Ресейге экспорттайды. Директордың сөзінше, өткен жылмен салыстырғанда экспорт көлемі азайған. Десе де, кәсіпорын жыл сайын көрші елге өнім жеткізуден жаңылған емес.
«Былтыр Ресейге екі кранды жөнелттік. Оның бірі Новокузнецк қаласына алғаш рет жол тартты. Ал Екатеринбургтің «ВИЗ-Сталь» компаниясына соңғы он жылда бесінші кранды жеткіздік. Биыл да Ресей тарапынан тапсырыс келіп түсті. Павлодардың географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуы Ресей нарығына жол ашып отыр. Бұдан бөлек, отандық «Қазцинк» компаниясымен келісімге отырдық. Келісімге сәйкес, Жайрем кен байыту комбинатына қажетті 10 кранды жасап шығармақпыз», – дейді Павлодар машина жасау зауытының директоры.
Салаға қажетті кадрдың бір шоғырын дайындап отыр
Жалпы, Павлодар өңірі инвестиция құюға қолайлы аймақ. Бұл – шетелдік инвесторлардың пікірі. Олардың айтуынша, облыста электр энергиясы арзан. Инвесторларды қызықтыратын негізгі басымдық та – осы. Одан кейін Павлодар облысы географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқан. Сондай-ақ, мұнда білікті кадрлар көп.
Кадрдың қадірі артып тұрған қазіргі шақта Павлодар облысы машина жасау саласына қажетті мамандарды дайындап, ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге өз үлесін қосып отыр. Өйткені мұнда Павлодар машина жасау колледжі жұмыс істейді. Ал С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің машина жасау факультеті бөлек бір университет тәрізді. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы, Екібастұз бен Ақсу қалаларындағы ірілі-ұсақты оқу орындары да машина жасау саласының мамандарын дайындауға азды-көпті үлесін тигізуде. Осылайша, өндірісті өңір жыл сайын жүздеген маманның томағасын сыпырып, топқа қосуда.
Темір жолда тыңнан түрен салуда
Жоғарыда атап өткеніміздей, соңғы жылдары Павлодар облысында темір жол вагондарын құрастыру ісі қарқын алды. Бұл ретте, облысқа қарасты Екібастұз қаласы машина жасау кешенінің маңызды бір бөлігі – темір жол көліктерін шығаратын орталыққа айналып келеді. Өйткені, Қазақстанның вагон жасау компаниясы осы шаһарда орналасқан. Сонымен қатар, аталған компанияның айналасына темір жолға қажетті құрал-жабдықтарды шығаратын өзге де зауыттар топтаса бастады.
Қазақстан вагон жасау компаниясының тапсырыстың жоқтығынан үш жылдай тоқтап тұрғанын жақсы білеміз. Ал биылдан бастап мемлекет қолдауының нәтижесінде зауыттың жұмысына қайта қан жүгірді. Мәселен, компания биыл ішкі нарықты айтпағанда, Қырғызстаннан тапсырыс қабылдады. Осылайша, зауыт 2018 жылдың соңына дейін 2500 вагон құрастыруды жоспарлап отыр. Қазір мұнда тәулігіне 7-8 вагон өндіріледі.
Деректерге сүйенсек, Қазақстанда 30 мыңнан астам вагонға қажеттілік бар. Әсіресе, жыл сайын астық, көмір тасымалдау науқаны басталғанда вагон жетіспеушілігі көзге ұрынады.
«Компания елдегі вагон қажеттілігін өтей алады. Зауыт толық қуатпен жұмыс істесе, бұл міндетті оңай еңсеруге мүмкіндік бар. Оның үстіне біз вагон, жартылай вагон, әмбебап платформа секілді өнімдерден бөлек, жабық вагон шығаруды да қолға алмақпыз. Астық тасымалдауға арналған вагон өндіруді де жоспарлап отырмыз. Атап өтерлігі, біз мұның барлығын отандық материалдардан жасаймыз. Осылайша, мемлекеттің импортты алмастыру саясатына барынша үлес қосудамыз», – дейді Қазақстан вагон жасау компаниясы бас директорының орынбасары Берікбай Әміржанов.
Қазақстан вагон жасау компаниясының негізінде темір жол саласына қажетті өнімдерді шығаратын «R.W.S.Wheelset», «R.W.S. Concrete», «R.W.S.BINDING», «Проммашкомлпект» секілді кәсіпорындар ашылды. Демек, Екібастұзда өндіріске қажетті дүниенің бәрі бар. Мұнда шығарылатын темір жол құрылғылары Орталық Азия аумағында теңдессіз екенін де еске сала кеткен жөн. Тағы бір атап өтерлігі, жоғарыда аталған компаниялардың барлығы дерлік үдемелі индустриялы-инновациялық даму бағдарламасының шапағатын көрген кәсіпорындар.
Аңғарғандарыңыздай, Павлодар машина жасау зауыты да, Қазақстан вагон жасау компаниясы да толық қуатта жұмыс істеп тұрған. Бірақ, екеуінің де мүмкіндігі мол. Осы жылдың 20-21 қыркүйегінде Астанада өтетін Қазақстан машина жасаушыларының дәстүрлі форумында аталған мәселеге назар аударылса, жөн болар еді. Екі компанияның да жұмысын дұрыс жолға қойса, еліміздің машина жасау саласы одан әрі түрлене түсері даусыз.
Кластерге – кең тыныс
Жалпы, Екібастұз қаласында темір жол кластерін кеңейту мәселесі кейінгі кезде күн тәртібінен түскен емес. Бірақ жаңа кәсіпорындар ашу үшін электр қуатының жетіспеушілігі қолбайлау болды. Енді бұл кедергі жойылды. Олай дейтініміз, бірнеше күн бұрын кеншілер қаласында жаңа электр станциясы ашылды.
Бұл нысан аталмыш кластерге жататын 7 зауыт пен ондағы темір жол құрылғыларын электр қуатымен қамтымақ.
Айта кетейік, жаңа станцияның есептік қуаты – 41,36 Мегавольт-ампер. Резервтегісін қосса, 80-ге жетеді. Яғни, кластерді үздіксіз электр қуатымен қамтуға қауқарлы.
«Жаңа станция «Проммашкомплект» кәсіпорынын, теміржол осьтері мен дөңгелек жұптарын шығаратын «R.W.S.Wheelset» зауытын, теміржолға арналған қырлы бөренелер жасайтын «R.W.S. Concrete» зауытын, түрлі құрылғыларын өндіретін «R.W.S.BINDING» кәсіпорнын энергиямен қамтиды. Резервтік қуатымен әлі де кластерді екі есе кеңейтуге мүмкіндік мол», – дейді «Railways Systems KZ» ЖШС бас директоры Артур Хачатурян.
Оның айтуынша, темір жол кластерінің дамуына мемлекет тарапынан қолдау толастаған емес. Жыл сайын өнім түрлері көбейіп келеді. Аймағымызда осы бағыт бойынша 1500-ге жуық жұмыс орны ашылыпты.
Дәстүрлі форумда қаперге алынса құба-құп
Павлодар облыстық статистика департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, өңірде машина жасау саласында жұмыс істейтін ірілі-ұсақты 19 кәсіпорын бар. 2018 жылдың қаңтар-шілдесінде павлодарлық кәсіпорындар 39 млрд 764 млн теңгенің өнімін өндіріпті. Жалпы өңірлік өнімнің 4 пайызға жуығын машина жасау саласы қамтамасыз етіп отыр.
Павлодар облысының машина жасау саласындағы әлеуеті зор. Әйтпесе, ресейлік, қытайлық инвесторлар бұл өңірде машина жасау саласындағы жобаларды жүзеге асыруға құлшынбас еді. Мәселен, Ресейдің «К&К» компаниясының қатысуымен Павлодарда жеңіл автокөліктердің алюминий дискілері шығарыла бастады. Мұндай өнім Қазақстан бойынша алғаш рет Павлодар облысында өндірілді. Осылайша, «Giessenhaus» компаниясы осы жылдың соңына дейін 600 мың диск өндіруді жоспарлап отыр.
Мақаланың басында Павлодар трактор зауытын тілге тиек еттік қой. Бүгінде зауыт цехтарының біразын «KSP Steel» мен «Кастинг» кәсіпорындары пайдаланып отыр. Қалған цехтары сол күйі қаңырап тұр. Осыны ескере отырып, бір жыл бұрын «Ай-Би-Аль» компаниясының басшысы Мұса Әлімов Павлодар трактор зауытының базасында уран капсуласымен жүретін трактор мен көлік құрастыруды ұсынған болатын. Алайда, бұл жоба сол сәтте көпшілікті таңқалдырғанымен, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Бәлкім, санаулы күндерден кейін өтетін Қазақстан машина жасаушылар форумында аталған мәселеге тағы бір айналып соққанның артықтығы болмас, сірә. Алда өтетін форумда Қазақстан машина жасау саласын дамытудың 2019-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы таныстырылады. Кешенді жоспардан бұл мәселеге де орын табылса құба-құп болар еді.
Цифрландыруға дайын!
20-21 қыркүйекте өтетін Қазақстан машина жасаушылар форумында машина жасау саласын цифрландыруға басымдық берілетіні анық. Бұл ретте, павлодарлық кәсіпорындар цифрландыру процесін қолға алуға дайын екендіктерін мәлімдеді.
«Бүгінде цифрландыру процесі кез келген салада жүріп жатыр. Оның ішінде машина жасау саласы да бар. Цифрлық жүйенің пайдасы көп. Біріншіден, өндірісті автоматты түрде басқару жұмыс күшін оңтайлы пайдалануға мүмкіндік береді. Екіншіден, экономикалық тұрғыдан тиімді. Қаржы үнемделеді. Үшіншіден, жұмысты қадағалау мүмкіндігі артады. Кәсіпорынның тиімділігі жоғарылайды. Қазір цифрлық модернизацияның бағасы осыдан бес жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда аса қымбат та емес. Яғни, заманауи техникалар қолжетімді бола түсті. Мәселен, Павлодар машина жасау зауыты өндірісті цифрландыру бағытында отандық «АСЭП» және «Промпривод» компанияларымен тығыз байланыс орнатып, жұмыс істеуде», – дейді Леонид Белогривый.
Алюминий және электролиз зауыттарымен, ГРЭС-1 және ГРЭС-2 станцияларымен әлемге әйгілі Павлодар облысының машина жасау саласында да абыройы асқақтар күн алыс емес.
Фархат Әміренов