Машина жасау – отандық сұраныспен қоса экспорттық бағдардың бағын ашуға жұмыс істеуі тиіс
20-21 қыркүйекте Астанада Қазақстан машина жасаушыларының VI форумы өтеді
Жаһандық бәсекеге қабілеттілік жаңа технология мен машина жасау саласын дамытумен де тығыз байланысты. Өйткені, өндірісі өркендеген кез-келген ел экономикадағы машина жасау өнеркәсібінің көрсеткішімен мақтанады. Сондықтан қазіргі дәуір адамды алмастырып, еңбек өнімділігін еселей түсетін алып машиналардың «жарысына» да айналып отыр. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қуатты әрі еңбек өнімділігі жоғары машина жасау саласын құруға ерекше екпін беріп, бұл саланы экономикалық дамудың басым бағыттарының бірі ретінде белгілеген болатын. 20-21 қыркүйекте Астана қаласында Машина жасаушылардың VI Форумы өтпек. Шараны ҚР Үкіметі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ҚР Инвестиция және даму министрлігі, Қазақстанның машина жасаушылар одағы ұйымдастырады. Ал форумның негізгі тақырыбы – «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері».
Қазақстан экономиканы әртараптандыру аясында машина жасау саласын дамытуға барынша ден қойып келеді. Тарихқа үңілсек, Кеңес Одағы кезеңінде Қазақстандағы жалпы өнеркәсіптік өндірістің 15 пайызын машина жасау саласының өнімі құраған екен. Ресми мәліметтерге қарағанда, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сала құлдырап, 1997 жылы ең төменгі деңгейге жетіпті. Сол жылы сала өнімінің көлемі жалпы өнеркәсіптік өндірістің 2,1 пайызына дейін құлдырапты. Кейіннен 2000 жылдан бастап машина жасау саласы қайта аяғынан тұра бастады, 2004-2005 жылдары оның көрсеткіші жылына 20 пайызға өссе, 2008 жылдың соңына қарай өндіріс көлемі 300 миллиард теңгеге жуықтаған. Әйтсе де отандық машина жасау саласына тың серпіліс Мемлекет басшысының бастамасымен 2010 жылы қабылданған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы келді.
Расында Индустрияландыру бағдарламасы нәтижесінде Қазақстанның машина жасау саласында түбегейлі бетбұрыс басталды десе де болады. Алғашқы бесжылдық кезеңінің өзінде елімізде машина жасау саласының кешенді өндірісі қамтамасыз етіліп, экономиканы әртараптандырудың белгілері байқала бастады. Индустрияландыру картасы аясында машина жасаудың жүзден астам ірі жобалары іске қосылды. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде бұрын-соңды Қазақстанда шығарылып көрмеген өнімдерді шығару жолға қойылды. Атап айтқанда, қазір елімізде мобильді бұрғылау кешендерін, электровоздар, локомотивтер, жүк және жолаушылар вагондарын, бульдозерлер, жеңіл және жүк автомобильдерін шығаратын өндіріс орындары жұмыс істей бастады. Тікұшақтар шығаратын кешенді зауыт та қолға алынды. Нәтижесінде, 2017 жылы қайта өңдеу саласы өнеркәсібі өнімдерінің ішінде машина жасау өндірісі өнімдерінің жалпы көлемі 10 пайызға жеткен екен. Соның ішінде бұрынғы жылдармен салыстырғанда 2017 жылы жеңіл автомобильдер шығару 4,7 есе, теміржол вагондарын шығару 9 есе, трансформаторлар шығару 2 есе артыпты. Бұл көрсеткіштің әлеуметтік бағдары да жаман емес. Айталық, осы арқылы жас мамандарға машина жасау саласынан тұрақты жұмыс орындары көптеп ашылса, аралас салаларда ондаған мың жаңа жұмыс орындары пайда болды. Өндірісті жаңа технологиялармен жабдықтауға және жаңа технология енгізуге жеке меншік бизнес миллиардтаған инвестиция құйды.
Биылғы 2018 жылдың бес айындағы көрсеткіштер де көңіл көншітеді. Мәселен, Қазақстанда 2018 жылдың бес айында машина жасаудың өнеркәсіптік өндірісінің индексінің өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,2%-ды құрап отыр. Ал ақшалай мәнде өндіріс көлемі 384,6 млрд теңгеге жеткен. Осының өзі, біріншіден, елімізде машина жасау саласына мемлекеттік қолдау жан-жақты қарастырылып, оның нәтижесі де бере бастағанын аңғартады. Екіншіден, еліміздегі отандық компаниялардың дамуымен қатар, әлемдік нарықтың айтулы «ойыншылары» да қазақстандық бағытқа бойлай бастағанын білдіреді.
Машина жасау саласындағы ендігі мақсат-міндет қандай болмақ? Биылғы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында негізгі он міндет айқындалса, соның біріншісі индустрияландыру болып белгіленген еді. Яғни, индустрияландыру Қазақстанның дамуы мен жаңа технологияларды енгізу барысында көш басында тұруы шарт. Бұдан бөлек, Жолдау айқындаған бағытқа сәйкес, жаңа индустрияландырумен қатар өнеркәсіпке, агроөнеркәсіптік кешенге, транспорттық жүк тасымалы мен логистиканы дамытуға мән берілген. Осылайша, отандық экономиканың әлеуетін арттыратын сала ретінде дамудың дәстүрлі базасына үлкен үміт артылады.
Әлбетте бұл салалар өзара байланыста болғанда ғана экономиканың көретін тиімділігі арта түседі. Мәселен, қазіргі заманның сұранысы болып табылатын цифрландыру, блокчейн технологияларын жаппай енгізу – жүктер қозғалысын онлайн түрінде қадағалауға және транзиттің кедергісіз өтуіне, кеден операцияларын оңайлатуға мүмкіндік берсе, машина жасау саласында жаңа технологияларды енгізуді, еңбек өнімділігін арттыру мен экспортқа бағдарланған бәсекеге қабілетті өнімдер өндіруді талап ететіні анық. Тұтастай алғанда, Төртінші өнеркәсіптік революцияның элементтерін енгізу барысында автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект секілді салалар дамитыны анық. Ал оның ішінде машина жасаудың үлесі де ауқымды болатыны сөзсіз. Шындығында машина жасау саласынсыз автоматтандырудың да, роботтандыруды да көзге елестету еш мүмкін емес.
Жалпы алғанда Қазақстанның машина жасау саласында әлеуетті арттыра түсуге әлі де мүмкіндіктер баршылық. Өйткені, салаға қажетті шикізат та, жұмыс күші де Қазақстанда жеткілікті. Ендігі кезекте инновациялық қадам күтіледі. Қазіргі күні елімізде әлемге белгілі он сегіз бренд бойынша автокөлік құралдарының әртүрлі моделдері құрастыралады екен. Бұндай автомобильдер Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан секілді жақын көршілестерге экспорттала бастаған. Ал машина жасауды қарқынды дамытып, жоғары сұранысқа ие технологиялармен жасақтау экспорттық әлеуетті арттыра түспек. Өйткені, қазірдің өзінде қазақстандық машина жасау өндірісінің өнімдері Ресей, Қытай және бірқатар ТМД мемлекеттерінің рыногында жоғары сұранысқа ие. Ендеше жаңа технологиялық шешімдер арқылы экспорттық бағдарды тереңдете түсуге әбден болады.
Астанада өтетін Қазақстан машина жасаушылардың VI форумында отандық машина жасауды одан әрі дамытудың практикалық ұсынымдары, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, құнды қалыптастырудың әлемдік тізбегі қатарына қосылу мәселелері де сөз болатыны, сондай-ақ саланың өзекті әрі өткір мәселелерін талқылау жоспарланған. Форум аясында Қазақстан машина жасау саласының 2019-2030 жылдарға арналған ортамерзімді кезеңдегі Кешенді даму жоспарының жобасы да таныстырылмақ.
Авторы: журналист Жанкелді ҚАРЖАН