2016 жылы өңір туралы көбіне елдің аграрлық және тау-кен өндіруші аймағы ретінде айтылатын. Машина жасау саласы болғанымен, облыс экономикасын айқындайтын негізгі бағыттардың бірі саналмайтын. Алайда уақыт өте келе жағдай түбегейлі өзгерді.
ШОЛУ
Қостанай облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өңірдің өңдеу өнеркәсібі құрылымында машина жасау саласының үлесі 56,3%-ды құрайды. Нарықтағы ірі ойыншылардың басым бөлігі Қостанай қаласының аумағында орналасқан.
2016 жылы облыс орталығында SsangYong Nomad, Hyundai, Toyota, Geely, Peugeot, JAC, Ravon, Chevrolet, Renault, УАЗ, LADA, Hongqi брендтерінің автокөліктері шығарылды.
Қазіргі таңда JAC, Chevrolet, Geely, KIA, Skoda, Jetour автокөліктерін өндіру жолға қойылған. Кәсіпкерлік басқармасының хабарлауынша, белгілі бір брендтердің өндірісте болуы көптеген факторларға байланысты. Атап айтқанда, тұтынушылық сұраныс, нарық конъюнктурасы, геосаяси жағдай және бренд иелерімен жасалған келісімшарттар ықпал етеді.
Жалпы, 2016 жылдан 2026 жылға дейін Қостанайда 491 404 автокөлік өндірілген. Экспорт Ресей Федерациясына, Өзбекстанға, Қырғызстанға және Беларуське жүзеге асырылды.
Жеңіл және жүк автокөліктерін өндірумен «СарыарқаАвтоПром» ЖШС айналысты. Айта кету керек, Қостанай облысы – аграрлық өңір. Ауыл шаруашылығына арналған өздігінен жүретін және тіркемелі техника «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «Қостанай трактор зауыты» ЖШС, «МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты» ЖШС, «НПФ Пружина» ЖШС, «KamLit KZ» ЖШС кәсіпорындарында шығарылды.
– Көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдер аясында кәсіпорындар жергіліктендіру деңгейін тереңдету және ірі тораптық құрастырудан шағын тораптық құрастыруға көшуге ынталандыру бағытында жұмыс жүргізуде, – деп хабарлады кәсіпкерлік басқармасы.
2016 жылдан бері не өзгерді?
Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, статистикалық деректер бойынша Қостанай облысында машина жасау саласында 48 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарына машиналар мен жабдықтар, автокөліктер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісі кіреді.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі ықпал ететін негізгі кәсіпорындар қатарында бұрынғыдай «СарыарқаАвтоПром» ЖШС мен «АгромашХолдинг KZ» АҚ, сондай-ақ 2016 жылдан кейін қызметін бастаған «МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты» ЖШС, «Қостанай трактор зауыты» ЖШС, «НПФ Пружина» ЖШС, «KIA Qazaqstan» ЖШС, «TEHNOPARK KZ» ЖШС, «KamLit KZ» ЖШС бар.
Кадрларды қалыптастыру
Қостанай облысы қоғамдық даму басқармасының мәліметінше, машина жасау компанияларымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті, Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті, Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті белсенді ынтымақтастық орнатқан.
Жоғары оқу орындарының студенттері өндірістік тәжірибеден өтіп, дуалды білім алады. Сонымен қатар зауыт аумақтарында университеттердің кафедралары жұмыс істейді.
Қостанай облысы білім басқармасы өңір колледждерінде де машина жасау саласы үшін кадрлар даярлау белсенді жүргізіліп жатқанын хабарлады.
– Қазіргі уақытта өңірде мамандар даярлау жүйесі жаңа инновациялық технологиялар негізінде жүзеге асырылуда, – дейді білім басқармасының баспасөз хатшысы Анна Лазарева. – Бұл – кадрлық қамтамасыз етудің озық моделіне көшу, дуалды оқыту, мақсатты кадр даярлау, академиялық дербестік және басқа да нысандар. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі 33 колледжден тұрады, онда шамамен 22 мың студент білім алады.
2021 жылдан бастап облыс колледждерінде машина жасау саласы бойынша 7 мамандық ашылды: машина жасау технологиясы, автоматтандыру және басқару, машиналар мен жабдықтарды пайдалану және техникалық қызмет көрсету, қара металлургия, токарь ісі.
2025 жылы KIA Qazaqstan ЖШС мен облыстың үш колледжі арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бүгінде осы бағыт бойынша KIA зауытында шамамен 50 адам оқып, 40 түлек жұмысқа орналасты.
– KamLit KZ ЖШС үшін Қостанай жоғары автомобиль көлігі колледжінде 6 жаңа мамандық ашылды. 2024 жылғы алғашқы түлектер саны – 96 адам, олардың 94%-ы жұмысқа орналасты. Ал 2025 жылы 104 түлек жұмысқа орналастырылды, – деп хабарлады білім басқармасы.
Дереккөз: regtv.kz