«Зенит» Орал зауыты» АҚ – кемелер мен арнайы техника өндірісі саласында мемлекеттік тапсырыстарды орындап, еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешенінде маңызды рөл атқарып келе жатқан жетекші кәсіпорындардың бірі.
1941 жылы Ленинград қаласынан эвакуацияланған «Двигатель» зауытының негізінде құрылған бұл кәсіпорын соғыс жылдарындағы өндірістік ерліктің жарқын үлгісіне айналды. Оралға көшірілгеннен кейін небәрі бір ай ішінде зауыт майданға алғашқы қару-жарақ партиясын жөнелтті. Жеңіске қосқан зор үлесі үшін зауыт І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды – бұл жоғары наградаға ие болған Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын.
Бүгінде «Зенит» отандық машина жасау дәстүрін жалғастырып, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған маңызды мемлекеттік міндеттерді орындауда. Кәсіпорын қорғаныс саласындағы жетекші зауыттарды біріктіретін «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құрылымына кіреді.
Зауыттың жалпы аумағы шамамен 21 гектарды, өндірістік алаңы – 74 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда 700-ге жуық маман еңбек етуде.
Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында зауыт катерлер мен кемелер шығарып, оларға техникалық қызмет көрсету мен жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, кәсіпорын қорғаныс құрылымдарына арналған арнайы техника, мұнай-газ және басқа да өнеркәсіп салаларына қажетті жабдықтар өндіреді, сондай-ақ сұранысқа ие азаматтық өнім шығарады.
Зауытта халықаралық стандарттарға сәйкес менеджменттің заманауи жүйелері енгізілген: сапа менеджменті – ISO 9001 стандарты бойынша, еңбекті қорғау және қауіпсіздік менеджменті – ISO 45001:2018 стандартына сәйкес.
Зауыт цехтарында салынған әрбір кеме мен катер – бір мақсат жолында бірігіп еңбек еткен ұжымдық еңбектің нәтижесі. Зауыттың негізгі тірегі – жасы шамамен 50-дегі жұмысшылар, олар жалпы ұжымның шамамен 60 % құрайды. Кәсіпорында зейнет жасындағы ардагерлер де еңбек етуде: олардың көпшілігі бай тәжірибеге ие және өз ісіне соншалықты берілген, өздерін басқа мамандықта елестете де алмайды. Дегенмен, токарь, фрезерлеуші, реттеуші сияқты жұмысшы мамандықтары бойынша кадр тапшылығы байқалады.
«Зенит» ұжымында тәлімгерлік ерекше рөл атқарады: тәжірибелі мамандар өз білімдері мен дағдыларын жас қызметкерлерге үйретіп, олардың кәсіби құзыреттерін жетілдіруге және разрядын көтеруге көмектеседі.
Бүгінде кәсіпорын су ығыстырғыштығы 1000 тоннаға дейінгі кемелерді – көпфункционалды, күзет, іздестіру-құтқару, өрт сөндіру кемелері мен қалқымалы зертханалар және понтондарды – жасауға қабілетті. Тәуелсіздік жылдары ішінде елдің күштік құрылымдарына түрлі сыныптар мен жобалар бойынша 36 катер мен кеме салынып, пайдалануға берілді. Олардың барлығы Ақтау, Атырау және Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Баутин ауылында орналасқан базаларда тұрып, Каспий теңізінде Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметін атқарып келеді.
Қазір Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша зауыт 750 тонна су ығыстырғыштығы бар ірі көпфункционалды кеменің құрылысын жүргізуде. Кемені суға түсіру 2026 жылдың көктеміне жоспарланған. Ал биыл көктемде зауыт «Айбар» атты шағын күзет кемесінің құрылысын аяқтады. Бұл кеме сериялық өндіріс аясында жасалып, бүгінде елдің теңіз шекарасын күзетуде.
«Зенит» зауыты тарихи мұра мен заманауи технологияларды ұштастырып, отандық кеме жасау саласының флагманы мәртебесін сақтап келеді. Кәсіпорын тек қорғаныс тапсырыстарын орындап қана қоймай, инновациялық шешімдерді белсенді енгізу арқылы Қазақстан өнеркәсібінің әлеуетін кеңейтіп отыр.