2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды – бұл еңбек адамдарына, ел өнеркәсібінің дамуының негізін қалаушыларға ерекше назар аударылатын кезең. Бұл, әсіресе, өнім сапасы мемлекеттің қауіпсіздігімен тікелей байланысты қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары үшін маңызды.
Мамандыққа адалдық пен кәсіби шеберліктің жарқын үлгісі – еліміздің шекарасын қорғауға арналған кемелер мен техниканы шығаратын Орал «Зенит» зауыты. Мұнда жұмыс өмірлік ісіне айналған адамдар еңбек етеді.
Менслу Қарабекқызы Вайсупованың еңбек жолы 41 жылдан асады. Ол еңбек қызметін фрезерлеуші болып бастап, кейін гальваник және оқшаулауғыш сияқты ілеспе мамандықтарды игеріп, үнемі өз шеберлігін жетілдіріп келеді.
Оның жұмысының әр бөлігі аса дәлдікпен орындалады, өйткені ол дайындайтын бөлшектер қорғаныс техникасына арналған.
«Бұл жерге жас фрезерлеуші болып келгенімде, бұл жұмыстың өмірлік ісіме айналатыны туралы ойламадым. Бірақ жылдар өткен сайын біздің еңбегімізден өнім сапасы мен ел қауіпсіздігіне арналған техниканың сенімділігі тәуелді екенін түсіндім», - дейді ол.
Бүгінде Менслу Қарабекқызы – тәжірибелі маман әрі жастарға тәлімгер. Ол өз білімін қуана бөлісіп, жас жұмысшыларға өз мамандығының маңызын және нәтижеге деген жауапкершілікті сезінуге көмектеседі.
Римма Кининбайқызы Джунусова зауытпен өмірінің қырық жылға жуық кезеңін байланыстырған. Ол инженер-технологтан гальваникалық жабындар учаскесінің бастығына дейінгі жолдан өтті. Бұл кеме жасау саласындағы негізгі процестердің бірі.
Оның басшылығымен жаңа технологиялар енгізіліп, бөлшектердің сапасы мен беріктігі арта түсуде. Осындай мамандардың арқасында зауыт тұрақты дамып, дәстүр мен инновацияны үйлестіріп келеді.
Алексей Николаевич Саратовцев 22 жылдан бері күрделі қорғаныс жүйелерін жинақтауда пайдаланылатын пластмасса бұйымдарын өндіруде еңбек етіп келеді. Ол жоғары жауапкершілігімен, сапаға мұқияттылығымен және стандарттан тыс жағдайларда шешім таба білу қабілетімен ерекшеленеді.
Оның пікірінше, зауыттың күші – өз еңбегінің маңызын түсініп, оны мінсіз орындауға ұмтылатын адамдарда.
Дмитрий Михайлович Котиков зауыттағы 20 жыл ішінде шәкірттен 5-разрядты құрастыру-слесаріне дейінгі жолдан өтті. Ол қорғаныс техникасының құрамына енетін дайын бұйымдарды соңғы құрастырумен айналысады.
«Мен әрқашан елім үшін пайдалы іс жасағым келді. Мұнда мен еңбегімнің нәтижесін – Қазақстанға қызмет ететін кемелер мен техниканы – көремін», - дейді Дмитрий Михайлович.
«Зенит» зауыты өз ардагерлерін мақтан тұтады. Олардың жылдар бойы шыңдалған білімі мен тәжірибесі, сондай-ақ жастармен бөлісуге деген дайындығы кәсіпорынның болашағы үшін берік негіз қалайды.
Осындай адамдардың арқасында Қазақстанның машина жасау саласы дамып қана қоймай, дәстүрді сақтап, қорғаныс қуатын нығайтып, болашақ кадрлық әлеуетті қалыптастырып келеді.