11.11.2025
«Востокмашзавод» жүк вагондарының өндірісін қайта бастайды

«Востокмашзавод» АҚ – Қазақстандағы ең көне әрі ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі – жүк вагондарын шығаруды қолға алуға дайындалуда. Қазіргі уақытта зауытта өндірістік қуаттарды жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізілуде: №10 құю цехы ірі вагондық құймаларды өндіруге бейімделіп жаңартылуда, сондай-ақ дайын жүк вагондарын шығаруға арналған №6 цехты іске қосуға дайындық жүріп жатыр.

Бұл қадамдар кәсіпорынды қайта жаңғыртуға және отандық машина жасау әлеуетін нығайтуға бағытталған. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету өнім сапасын арттыруға және шығарылатын техниканың түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Востокмашзаводтың» тарихы тереңде жатыр — дәл осы жерде 1958 жылғы 4 қараша күні алғашқы болат балқытылып, зауыттың даму тарихы басталған еді. Бүгінде кәсіпорын жаңа кезеңге қадам басып, Қазақстан машина жасау саласының жетекші флагмандарының бірі мәртебесін қайта жаңғыртуда.

Өндірісті жаңғыртумен қатар, кадрлық әлеуетке де ерекше көңіл бөлінуде. Зауыттың тұрақты жұмыс істеуі мен жаңа бағыттардың табысты дамуы үшін аймақтың оқу орындарымен бірлесе отырып, білікті инженерлік және жұмысшы мамандарды даярлау маңызды.

«Востокмашзавод» АҚ Қазақстан машина жасаушыларының одағы мүшесі болып табылады. Кәсіпорынның дамуы елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру және ауыр машина жасау саласында отандық өнім үлесін көбейту бағытындағы маңызды үлес болмақ.