09.02.2026
ҚТЖ және Woosong: халықаралық стандарттар іс жүзінде

«ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Оңтүстік Кореяның Woosong (WSU) университеті стратегиялық серіктестікті нығайтуда. WSU делегациясының сапары аясында тараптар мамандар даярлау жүйесі бойынша тәжірибе алмасты. Сапар бағдарламасы Компанияның технологиялық базасын таныстыруға бағытталды.

Университет өкілдері «Тальго» жолаушылар вагондарына техникалық қызмет көрсету пунктінде, Жол диагностикасы орталығында, сондай-ақ Теміржол көлігі қызметкерлерін бағалау және дамыту орталығында болып, жол сапасын бақылаудың, техникалық сүйемелдеудің және персоналды оқытудың заманауи стандарттарымен танысты.

Ұрпақтар сабақтастығына ерекше назар аударылды: WSU студенттерінің магистратура бағдарламасының түлектерімен тікелей кездесуі, бүгінде ҚТЖ жүйесінде мансап құрып жүрген жас мамандардың тәжірибесі бірлескен білім беру бағдарламаларының өзектілігі мен болашақтағы маңызын айқын көрсетті.

Компания Woosong университетімен серіктестікті саланың зияткерлік капиталына салынған инвестиция ретінде қарастырады. Осы орайда түрлі білім беру бағдарламалары мен компания жобалары аясында жоғары нәтиже көрсеткен теміржолшыларға шетелдік оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинақтау мүмкіндігі ұсынылады.

Бүгінде ҚТЖ Қазақстан мен шетелдердің 48 оқу орнымен серіктестік байланыс орнатып, кәсіби білім берудің тұтас экожүйесін қалыптастыруда.


Дереккөз: railways.kz