2–3 сәуірде Астанада Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы өтті. Бұл — өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша нақты шешімдер әзірлеуге бағытталған мемлекет пен бизнес арасындағы басты диалог алаңы. Форумға 1000-нан астам қатысушы, оның ішінде 20-дан астам елден келген 100-ден астам шетелдік делегат қатысты.
Форумның негізгі бағыттарының бірі мұнай-газ және тау-кен металлургиясы машина жасау салаларын дамыту болды. Бұл бағыттар елдің экономикалық әлеуетін нығайтуда, технологиялық импортқа тәуелділікті төмендетуде және жаңа жұмыс орындарын құруда маңызды рөл атқарады.
«Тау-кен металлургия кешеніне арналған машина жасау» секциялық отырысы аясында Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумының ресми серіктесі Eurasian Resources Group (ERG) отандық машина жасау кәсіпорындарымен жалпы сомасы 500 млн теңгеден асатын оффтейк-келісімшарттарға қол қойды. Атап айтқанда, вагон тежегіш қалыптарын өндіру бойынша «Запчасть-ЖД» ЖШС-мен және сүзгі элементтерін жеткізу жөнінде «Азия Фильтр» ЖШС-мен келісімдер жасалды.
Қол қойылған келісімдер ERG компаниясының ел ішіндегі құндылықты арттыру және қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік тізбектерге қатысуын кеңейту жөніндегі жүйелі жұмысының бір бөлігіне айналды. Компанияның жыл сайынғы сатып алу көлемі 1,8 трлн теңгеден асады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауарлар, жұмыстар және қызметтер бойынша қазақстандық өндірушілерден сатып алу үлесі 73%-ға жетті.
ERG-де 2020 жылдан бастап импортты алмастырудың мерзімсіз бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында қазақстандық кәсіпорындар сұранысқа ие өнімдерді жергіліктендіру бастамаларын ұсына алады. Бағдарлама іске қосылғаннан бері жалпы сомасы 54,9 млрд теңгеден асатын 72 ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарт жасалған.
«Біз қазақстандық тауар өндірушілерден, жұмыстар мен қызметтер жеткізушілерінен сатып алу үлесін жүйелі түрде арттырып келеміз және мұны стратегиялық басымдық ретінде қарастырамыз. Біздің міндет — ел ішінде сатып алу көлемін ұлғайту ғана емес, қазақстандық өндірушілердің тұрақты экожүйесін қалыптастырып, шағын және орта бизнес үшін ұзақ мерзімді өсу нүктелерін құру», — деді «ERG Коммерциялық орталығы» ЖШС стратегиялық сатып алулар жөніндегі бас директордың орынбасары Данияр Қалиев.
«Мұнай-газ машина жасау» секциялық отырысы аясында Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумының бас серіктесі — «Теңізшевройл» ЖШС қазақстандық қамтуды дамыту бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелерін таныстырды. Компания халықаралық сапа стандарттарын енгізуге және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға баса назар аудара отырып, отандық өндірушілердің жеткізу тізбегіне қатысуын белсенді түрде кеңейтуде.
«Қазақстандық қамтуды дамыту — біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі. Біз ТШО жеткізу тізбегіне отандық өндірушілердің қатысуын жүйелі түрде кеңейтіп келеміз, олардың өндірістік және технологиялық құзыреттерін арттыруға, сондай-ақ мұнай-газ саласының халықаралық талаптары мен стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлеміз. Бұл үдерісте IMBC кәсіпорындарды біліктіліктен өткізуге және жергілікті өндірушілердің әлеуетін нығайтуға ықпал ететін алаң ретінде маңызды рөл атқарады», — деді ТШО бас директорының орынбасары Қуанышкерей Мұхтаров.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ТШО қазақстандық жеткізушілерден шамамен 1,8 млрд АҚШ долларына тауарлар мен қызметтер сатып алды. Отандық өндірушілерден сатып алу көлемінің ұлғаюы нәтижесінде қазақстандық қамту үлесі 71%-ға жетті. Компания құрылған 1993 жылдан бері отандық жеткізушілерден сатып алудың жалпы көлемі 52,3 млрд АҚШ долларын құрады.
Қазақстан машина жасаушыларының форумы дәстүрлі түрде мемлекет пен бизнес арасындағы диалог алаңы ретінде қызмет етеді. Биыл өндірісте заманауи технологияларды енгізу, ішкі нарықты дамыту, қазақстандық машина жасаушылардың экономиканың негізгі секторларындағы қатысуын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Форум аясында Чехияның инженерлік технологиялар қауымдастығымен ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «QazaqGaz» ҰК» АҚ үшін өнім жеткізуге арналған оффтейк-келісімшарттарды қоса алғанда, бірқатар маңызды келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.
Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумына 1000-нан астам қатысушы, оның ішінде 20-дан астам елден келген 100-ден астам шетелдік делегат қатысты. Форум аясында өнеркәсіптік саясат, цифрландыру, роботтандыру және инвестициялар тарту мәселелері басты назарда болды.
Форум шеңберінде 1–3 сәуір аралығында «EXPO» халықаралық көрме орталығында VII Kazakhstan Machinery Fair 2026 халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Көрме 10 000 м²-ден астам алаңда 24 елден келген 280-нен астам компанияны біріктірді.
Форумды ұйымдастырушылар: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қазақстан машина жасаушыларының одағы.
Форумның бас серіктестері: «Теңізшевройл» ЖШС, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Атамекен» ҰКП.
Ресми серіктестер: «Астана-Экспо КС» көрме компаниясы, Eurasian Resources Group, «Railways System KZ» ЖШС, Allur компаниялар тобы, Astana Motors.
Серіктестер: «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ, Қазақстанның өнеркәсіптік инвесторлар одағы, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қайнар – АКБ» ЖШС, «Самұрық-Энерго» АҚ.
Дереккөз: inbusiness.kz