03.08.2026
ТМД елдерінде мойындалған сапа

Қарағандының екі кәсіпорны өнімдер мен қызметтер сапасы саласындағы жетістіктері үшін ТМД-ның халықаралық сыйлығына ие болды. Марапаттау рәсімі 8–10 шілде күндері Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы Бает ауылында өткен Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңестің (МАК) 69-отырысы аясында ұйымдастырылды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы сараптамаға маманданған «НПО Дефектоскопия» компаниясы ТМД сыйлығының лауреаты атанса, шарлы кран өндіруші «Бёмер Арматура» ЖШС дипломант атанды.

Бұл екі мәртебенің айырмашылығы көп емес. Ең бастысы – халықаралық сарапшылардың қазақстандық кәсіпорындардың қызметіне жоғары баға беруі.

– Кәсіпорындарымыздың ТМД деңгейіндегі жетістігі өңірлік бизнестің әлеуеті жоғары екенін көрсетеді, – деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.


– Біздің кәсіпорындар халықаралық аренада бәсекеге қабілетті екенін және сапаның ең жоғары стандарттарына сай жұмыс істей алатынын көріп отырмыз. ТМД сыйлығының иегерлеріне келсек, Қарағанды өңірінде олар өз салаларында мойындалған беделді кәсіпорындар саналады. Мәселен, «Бёмер Арматура» компаниясының зауыты Қызылордадан Астанаға дейін тартылған «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын салуға өз өнімдерін жеткізгенімен танымал. Осы стратегиялық нысан үшін кәсіпорын қысқа мерзім ішінде диаметрі үлкен 78 шарлы кран жасап шығарды. Олар алты жылдан бері ешқандай ескертусіз, қалыпты жұмыс істеп келеді.


Айта кетейік, «Бёмер Арматура» зауыты – қазақстандық-германиялық бірлескен кәсіпорын. Ол осыдан 12 жыл бұрын «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында жұмысын бастаған. Кәсіпорын жыл сайын жылумен жабдықтау, газ және мұнай салаларына арналған 10 мыңға дейін шарлы кран өндіруге қауқарлы.

Мұнда жеткізушілер сызбалар бойынша дайындайтын бөлшектерден бекіту арматурасын құрастыру жолға қойылған. Технологиялық процесте тек соғылған болат қолданылады. Өйткені оның құйма болатпен салыстырғанда иілгіштігі, беріктігі және экстремалды жүктемелерге төзімділігі жоғары. Шикізат ретінде импорттық металл пайдаланылады. Ал жергілікті қамту үлесі зауыт өнімдерінде шамамен 50%-ды құрайды.

ТМД сыйлығының лауреаттары мен дипломанттары атанған 25 кәсіпорынның бесеуі – қазақстандық.

Қарағандылық кәсіпорындардан бөлек, үздік деп полиэтилен құбырларын шығаратын Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы, Орал қаласындағы газ және мұнай жабдықтарын жеткізуші «БатысМұнайГазЖабдықтары» және Павлодар қаласындағы шұжық өнімдерін өндіруші «Рубиком» компаниясы танылды.


Дереккөз: kazpravda.kz