08.09.2026
Тау-кен металлургия кешені, машина жасау және құрылыс салалары бойынша 75 жаңа мамандық айқындалды

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Жаңа өндіріс орындарын іске қосу, кәсіпорындарды технологиялық жаңарту және құрылыс көлемінің артуы жұмысшы кадрларға жаңа, неғұрлым сапалы сұранысты тудырып отыр. Осыған байланысты министрлік сұранысқа ие мамандықтарды насихаттау, кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша іске асырылған бастамаларды дәйекті түрде дамытып келеді. Министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша кадрларға жалпы қажеттілік 36,7 мың адамды құрайды. Оның негізгі бөлігі құрылыс саласына (16,2 мың адам) және өңдеу өнеркәсібіне (14,4 мың адам) тиесілі.

«Сұраныс құрылымы өзгеріп жатыр. Цифрландыру, автоматтандыру және роботтандыру жаңа дағды, құзыреттерге деген қажеттілікті қалыптастыруда. Сондықтан министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша Жаңа кәсіптер атласында қазірдің өзінде 75 жаңа мамандық айқындалды. Оның 47-сі – тау-кен металлургия кешенінде, 11-і – машина жасау саласында және 17-сі – құрылыста. Сонымен қатар тағы 41 мамандық технологиялық өзгерістердің әсерінен трансформациялануда», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.


Министр атап өткендей, кадрларға деген ең жоғары қажеттілік құрылыс, машина жасау және тау-кен металлургия кешені салаларында қалыптасып отыр. Дәл осы салаларда бос жұмыс орындарының саны айтарлықтай сақталуда, бұл қолда бар құзыреттердің жұмыс берушілер талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетеді. Осыған байланысты маман даярлау, білім беру ісін ең алдымен кәсіпорындардың нақты сұранысына қарай қалыптастыру маңызды.

Бұл ретте Ұлттық біліктілік жүйесі шешуші рөл атқарады. Осы орайда министрлік Біліктілік жүйесін дамытудың 2027-2029 жылдарға арналған салалық жоспарын әзірледі. Мұндағы негізгі мақсат – экономика қажеттіліктерін, жұмыс берушілер талаптарын, кадрлар даярлауды және біліктілікті растауды біртұтас жүйеге біріктіру.

Өткен жылы 34 стандарт әзірленді, биыл 922 мамандықты қамтитын тағы 158 кәсіби стандартты әзірлеу және қайта қарау көзделген. Оларды әзірлеуге жұмыс берушілер мен салалық қауымдастықтар тікелей қатысады.

«Осылайша жұмыс берушінің талаптары, кәсіби стандарт, білім беру бағдарламасы және даярланған маман сынды бірыңғай тізбек қалыптасады. Жаңа өндіріс орындарын іске қосу кезінде осы байланысты қамтамасыз ету аса маңызды», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.


Биыл еліміздің өңдеу өнеркәсібінде 1,7 трлн теңге көлеміндегі 200 инвестициялық жоба іске асырылуда, нәтижесінде 17,3 мың жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 84 жоба қазірдің өзінде іске қосылып, 5,8 мың жұмыс орны құрылды.

Жаңа жобалар аясында автоматтандыру, цифрлық жобалау, роботтандыру, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік салаларына қатысты мамандарға деген сұраныс артып келеді. Сондықтан жоғарыда аталған Салалық жоспар шеңберінде инвестициялық жобаны жоспарлау кезеңінде мамандар даярлау мәселесі пысықталды.

Негізгі құралдардың бірі — дуальды білім беру. Өнеркәсіптік бағыттар бойынша оған 19 мыңға жуық студент қатысуда, ал практикалық даярлауды 816 кәсіпорын қамтамасыз етеді. Қамтудың ең жоғары көрсеткіштері машина жасау (9,3 мың студент), жеңіл өнеркәсіп (5,3 мың), металлургия (1,3 мың) салаларына тиесілі. Сонымен қатар ерте кәсіптік бағдарлауға және жұмысшы әрі инженерлік мамандықтар тартымдылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Министрлік биыл геологияны насихаттауға және жастардың салалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған бірқатар іс-шара өткізді. Олардың қатарында Астанада ұйымдастырылған Жас геологтардың VIII халықаралық далалық олимпиадасы және «Сәтбаев» III қазақстандық геологиялық универсиадасы бар. Сондай-ақ еліміздің жас геологтары Туринде өткен Жер туралы ғылымдар жөніндегі XIX халықаралық олимпиадаға қатысты. Министр мұндай іс-шаралар мамандықтарды насихаттауға, дарынды жастарды анықтауға және сала үшін кадрлық резерв қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Министрлік өзінің жетекшілік ететін салаларын сұранысқа ие және білікті кадрлармен қамтамасыз ету, Жұмысшы мамандықтарының жылы аясындағы бастамаларды дамыта отырып, жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды арттыру бағытындағы қызметін жалғастыра береді», – деп қорытындылады Ерсайын Нағаспаев.


Дереккөз: ҚР ӨҚМ сайты