Stadler Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы теміржол көлігіне арналған алюминий кузовтар өндірісін салады, деп хабарлайды Rail-news.kz.
«Stadler Kazakhstan алюминий шанақтарды дәнекерлеу және сырлау цехтарының құрылысына 14 миллиард теңгеден астам инвестиция құйып, Астанадағы өндіріс көлемін кеңейтуде. Бұл – Орталық Азия бойынша теміржол жылжымалы құрамы үшін алюминий шанақтар шығару жолға қойылатын, жоғары деңгейде автоматтандырылған алғашқы кәсіпорын», – делінген таратылған хабарламада.
Жаңа цехтарды іске қосуға дайындық аясында Stadler Kazakhstan жергілікті мамандарды кезең-кезеңімен жұмысқа қабылдап, оларды Stadler-дің Еуропадағы кәсіпорындарында алюминий шанақтарды дәнекерлеу және сырлау технологияларына үйретуде.
Өндірісті оқшаулау бағдарламасы шеңберінде Stadler-дің қазақстандық қызметкерлері Швейцария мен Польшада болып, теміржол арбашаларын, электр сөрелерін және вагон асты жабдықтарын құрастыру бойынша қажетті тәжірибе мен технологияларды меңгеріп үлгерді.
Жаңа цехтар іске қосылғаннан кейін кәсіпорында қосымша 100-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Қазіргі таңда онда 650 қызметкер еңбек етуде.
Дереккөз: rail-news.kz