05.06.2026
Солтүстік Қазақстан облысында машина жасау саласының өсімі 1,5 есеге артты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Үкімет экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. 

Бұл ретте әр өңірдің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалану мен нақты секторда жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетіп отырған өңірлердің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. 2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша өңір әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң өсімге қол жеткізіп, ел облыстары арасында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша үшінші орынға ие болды.

Өңір экономикасының өсіміне машина жасау саласы айтарлықтай үлес қосуда. Есепті кезеңде өндіріс көлемі 1,5 есеге ұлғайды. Сонымен қатар облыста жаңа индустриялық жобалар іске асырылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып, инфрақұрылым жаңғыртылуда.


Зауыттар өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруда

Президент айқындаған басым бағыттардың бірі – өңдеу өнеркәсібін дамыту және қосылған құны жоғары өндірістерді қалыптастыру. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында өңдеу өнеркәсібінің үлесіне өңірдегі жалпы өнеркәсіп өндірісінің 84 пайызға жуығы тиесілі.

Саланың негізгі қозғаушы күші – машина жасау өнеркәсібі. Төрт айдың қорытындысы бойынша облыс кәсіпорындары 106,1 млрд теңгенің өнімін өндірді.

Атап айтқанда:

  • «ЗИКСТО» АҚ өндіріс көлемін 3,5 есеге ұлғайтып, 75,4 млрд теңгенің өнімін шығарды.
  • «Мұнаймаш» АҚ өндіріс көлемін 26,7 пайызға арттырып, шамамен 2 млрд теңгенің жабдығын өндірді.
  • Сонымен қатар С.М. Киров атындағы зауыт пен Alageum Electric кәсіпорындары да тұрақты өндірістік қарқын сақтап келеді.


Дереккөз: inform.kz