Петропавл қаласындағы «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ – Қазақстандағы ең көне кәсіпорындардың бірі, оның тарихы жүз жылға жуық уақытты қамтиды. 1928 жылы Мәскеуде шағын радиомонтаж шеберханасы ретінде құрылған зауыт 1941 жылы Петропавлға эвакуацияланып, қысқа мерзімде майдан үшін радиопеленгаторлар мен дала радиостанцияларын шығара бастады. Кәсіпорынның өнімдері майданда байланыс орнатып, әскерді басқаруға және өмірді сақтауға көмектесті.
Соғыстан кейін зауыт қорғаныс бағытындағы жұмысын сақтап қана қоймай, елдің күнделікті өмірінде де маңызды орынға ие болды. «Ишим» және «Медео» радиоқабылдағыштары мен магнитофондары өз дәуірінің символына айналды, ал зауыттың инженерлік мектебі кәсіби дайындықтың жоғары деңгейімен ерекшеленді.
Бүгінде С.М. Киров атындағы зауыт – күрделі электрондық және арнайы техника өндіруге бағытталған заманауи машина жасау кәсіпорны. Мұнда радиостанциялар, полигондық жабдықтар, арнайы техника және дронға қарсы жүйелер, соның ішінде «ZIK-BEREN» атты портативті қару түрлері шығарылады. Сонымен қатар зауыт ҚР Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Шекара қызметіне арналған дөңгелекті техниканы жаңғыртумен айналысады.
Өндірістік процестер белсенді түрде цифрландырылуда: жобалау SolidWorks және SolidCAM бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады, бұл инновациялық шешімдерді енгізуге және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның сервис орталығы бүкіл ел бойынша жабдықтың техникалық сүйемелдеуін қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта С.М. Киров атындағы зауыт «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіреді және елдің қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі маңызды кәсіпорындардың бірі әрі машина жасау саласындағы сенімді серіктес мәртебесін сақтап келеді.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы атап өткендей, С.М. Киров атындағы зауыттың табысты жұмысы – дәстүрі терең кәсіпорындардың жоғары технологиялық мәдениетті сақтап, инновацияларды енгізіп, өндірістік әлеуетін дамытып келе жатқанының айқын дәлелі.
Осындай кәсіпорындар елдің индустриялық әлеуетінің негізін қалайды, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін нығайтады және отандық машина жасау саласының дамуына серпін береді.