Satbayev University Германияның қолданбалы ғылымдар саласындағы үш университетімен келісімдерге қол қойды. Құжаттар машина жасау бағыты бойынша қос диплом бағдарламасын, академиялық алмасуды, тағылымдамадан өтуді және инженерия, цифрландыру, энергетика, автоматтандыру мен жаңа материалдар салаларындағы бірлескен зерттеулерді көздейді.
Оқу орнының мәліметінше, келісімдер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға мемлекеттік сапары аясында өткен Қазақстан-Германия ректорлары кездесуінің қорытындысы бойынша жасалған. Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев кездесуге үкіметтік делегация құрамында қатысты.
Қос диплом
Университет басшылығының айтуынша, оқу орны тәжірибеге бағдарланған білім беруге, компьютерлік ғылымдарға, робототехника мен цифрлық технологияларға маманданған. Машина жасау саласындағы бірлескен бағдарлама студенттерге екі университеттің дипломын алуға, оқу мен өндірістік практиканың бір бөлігін Германияда өтуге мүмкіндік береді.
Инженерлік технологиялар
Меморандум автоматтандыру, робототехника, цифрлық өндіріс, лазерлік технологиялар және жаңа материалдар бағыттарын қамтиды. Университеттің мәліметінше, оқу орнының қолданбалы зерттеулер жүргізу әлеуеті жоғары әрі өнеркәсіп саласымен тығыз байланысы қалыптасқан. Студенттер мен жас зерттеушілер академиялық алмасуға, бірлескен жобаларға және ғылыми тағылымдамаларға қатыса алады.
Энергетика және тұрақты технологиялар
Серіктестік энергетика, материалтану, автоматтандыру және экологиялық технологиялар бағыттарын да қамтиды. Университет өнеркәсіптік серіктестермен бірлесіп қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Бұл студенттерге халықаралық тағылымдамалардан өтуге және практикалық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
«Біз үшін халықаралық ынтымақтастықтың құжаттарға қол қоюмен ғана шектелмеуі маңызды. Ең басты нәтиже – студенттеріміз бен оқытушыларымыз үшін нақты мүмкіндіктердің ашылуы: шетелде білім алу, бірлескен зерттеулерге қатысу, заманауи технологиялар мен практикалық тәжірибеге қол жеткізу», – деді Мейрам Бегентаев.
Оның айтуынша, Германия университеттерімен серіктестік осындай мүмкіндіктерді кезең-кезеңімен кеңейтіп, оларды Қазақстан экономикасының қажеттіліктерімен ұштастыруға жол ашады.
Дереккөз: tengrinews.kz