10.09.2026
RWS Wagon халықаралық контейнерлік тасымалдарға арналған вагон-платформалардың алғашқы партиясын мерзімінен бұрын жеткізді

RWS Wagon (бұрынғы «ЗИКСТО» ЖШС) Қытай мен Еуропа арасындағы халықаралық контейнерлік тасымалдарға арналған 550 вагон-платформаны белгіленген мерзімнен бұрын жеткізді. Бұл жоспарланған көлемнен 230 бірлікке артық. RWS KZ теміржол машина жасау холдингінің құрамына кіретін RWS Wagon «KTZ-Express» АҚ-мен жасалған қолданыстағы келісімшарт аясында 13-6922 үлгісіндегі 80 футтық 2 700 платформаны жеткізеді.

RWS Wagon мен «KTZ-Express» АҚ арасындағы келісімшарт 4 жылға жасалған және 2030 жылы аяқталады. 2026–2027 жылдары 2 700 вагон жеткізу жоспарланған, ал 2030 жылға дейін компания қосымша 4 300 вагон-платформа жеткізеді. Тапсырыс беруші – лизингтік бағдарлама аясында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы тапсырыс беретін «KTZ-Express» АҚ.

Кестеге сәйкес, 2026 жылы 910 платформа, ал 2027 жылы тағы 1 790 бірлік жеткізу жоспарланған. Алайда жеткізілімдер мерзімінен бұрын басталды: 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша кәсіпорын жоспарланған 320 бірліктің орнына 550 платформаны жасап, тапсырыс берушіге тапсырды. Келісімшарт бойынша жұмыс жалғасуда.


«Бұл жоба біз үшін жеткізілім көлемімен ғана емес, өндірілетін өнімнің халықаралық жүк тасымалдарына тікелей тартылуымен де маңызды. Жеткізілім кестесінен озып отыру кәсіпорынның ірі тапсырыстарды белгіленген мерзімде орындауға дайын екенін көрсетеді. Сонымен қатар біз мамандандырылған жылжымалы құрамға деген сұраныстың артуына сай болу үшін өндірісті жаңғыртып, оның технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастырып жатырмыз», – деп атап өтті RWS KZ холдингінің бас директоры Сергей Павлингер.


Контейнер ағынының өсуіне арналған платформалар

13-6922 үлгісіндегі 80 футтық платформалар ірі тонналы контейнерлерді тасымалдауға арналған. Олар негізінен Қытай – Еуропа бағыты бойынша, соның ішінде Достық және Алтынкөл станциялары арқылы Брест бағытына қатынайтын тасымалдарда пайдаланылатын болады.

Платформаның конструкциясы оны 1520 мм табанды магистральдық теміржолдарда, сондай-ақ Грузия, Латвия, Литва, Эстония және Финляндия теміржолдарында пайдалануға мүмкіндік береді. Вагондар кез келген салмақ пен ұзындықтағы жүк пойыздарының құрамында шектеусіз жүре алады.

Платформаның рамасы тұтас металдан жасалған дәнекерленген конструкциядан тұрады. Өндіріс барысында вагон пневматикалық және қол тежегіштерімен, СА-3 автотіркегіштерімен және Т1 класынан төмен емес соққы сіңіргіш аппараттармен жабдықталады. RWS Wagon платформаларының белгіленген қызмет ету мерзімі перспективалы халықаралық бағыттардың бірі бойынша контейнерлік тасымалдардың өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге үлес қосады.

Орта дәліздегі тасымал көлемінің өсуі мамандандырылған жылжымалы құрамға деген қосымша сұранысты қалыптастыруда. Мұндай жағдайда вагон-платформалар ұлғайып келе жатқан жүк ағынын қамтамасыз етудің маңызды элементтерінің біріне айналады. Жергілікті өндіріс бұл сұранысты тікелей Қазақстанда қанағаттандыруға және отандық ұсынысты дамытуға мүмкіндік береді.


Контейнерлік тасымалдар Орта дәлізбен бірге дамып келеді

Мамандандырылған жылжымалы құрамға деген қажеттілік халықаралық контейнерлік тасымалдар көлемінің өсуімен тікелей байланысты. Қазақстан үшін Қытайды, Қазақстанды және Еуропа елдерін байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе Орта дәліз негізгі бағыттардың біріне айналып келеді.

Үкіметтің деректеріне сәйкес, соңғы бес жылда Транскаспий бағыты бойынша тасымал көлемі алты есе өсіп, 2020 жылғы 0,8 млн тоннадан 2024 жылы 4,5 млн тоннаға жеткен. Тек 2024 жылдың өзінде тасымал көлемі 62%-ға, ал контейнерлік тасымалдар 2,7 есеге артты. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында осы бағыт бойынша 2,3 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға көп. Сонымен қатар биыл 5,2 млн тоннаға дейін жүк тасымалдау жоспарланып отыр.

Қазақстанда тасымал көлемін арттыруға кедергі келтіретін инфрақұрылымдық шектеулерді жоюға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Достық – Мойынты теміржол учаскесі салынды. Жүк айналымының өсуі бүкіл көлік тізбегін – инфрақұрылымды, терминалдар мен жылжымалы құрамды үйлесімді дамытуды талап етеді.


Өндірістің толық циклі – Қазақстанда

Платформаларды өндіру кезіндегі өндірістік операцияларды жергіліктендіру деңгейі 100%-ды құрайды. Өндірістік процесс металл прокатын кесуді, раманы құрастыру мен дәнекерлеуді, тежегіш, автотіркегіш және аспалы жабдық элементтерін монтаждауды, сондай-ақ доңғалақ жұптары мен арбашаларды құрастыру және бояу операцияларының толық циклін, вагондарды түпкілікті құрастыруды қамтиды.

Өндіріс кезең-кезеңімен жаңғыртылып келеді. Рама жасау цехында доғалы дәнекерлеуге арналған үш роботтандырылған кешен жұмыс істейді. Жабдық лазерлік іздеу және дәнекерленген қосылыстардың орналасуын бақылау жүйелерімен жабдықталған. Бұл негізгі операцияларды автоматтандыруға және өнім сапасының тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қос таврлы арқалықтарды өндірудің толық цикліне арналған автоматтандырылған желі жобасы іске асырылуда. Технологиялық желі құрамына гидравликалық құрастыру бекеттері, флюс қабаты астында автоматты дәнекерлеу қондырғылары, түзету станогы және көлік рольгангтері жүйесі кіреді. Дайындау өндірісі сандық бағдарламалық басқаруы бар механикалық өңдеу жабдықтарымен қосымша жарақтандырылуда.

Өндірісті кеңейту және құрастыру-дәнекерлеу желісін жаңғырту кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктерін одан әрі арттыруға және контейнерлік тасымалдарға арналған платформаларға өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.