24.10.2025
Республика күніне орай 19 машина жасаушы «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісімен марапатталды

Республика күні қарсаңында Қазақстан машина жасаушыларының одағы ұсынымы бойынша машина жасау саласының 19 қызметкері «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісімен марапатталды.

Құрметті наградаға отандық машина жасау саласының дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпорын басшылары, инженерлер, конструкторлар, технологтар, жұмысшы мамандық иелері ие болды.

Бұл марапат елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, Қазақстанның технологиялық жаңғыруына өз үлесін қосып жүрген еңбек адамдарының еңбегін мойындаудың символына айналды.

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев Республика күні қарсаңындағы салалық мамандардың еңбегін мойындаудың маңыздылығын атап өтті:

«Машина жасау – экономиканың тұрақтылығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ететін негізгі салалардың бірі. Сіздердің әрқайсыңыз – елді алға жетелейтін білімді, жауапты әрі еңбекқор кәсіби мамансыздар».

«Құрметті машина жасаушы» төсбелгісі жоғары кәсіби жетістіктері, көпжылдық адал еңбегі және машина жасау саласын дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін табысталады.

Айта кетейік, марапатталғандардың 70%-дан астамы – жұмысшы мамандар. Жасы ең үлкен марапат иегері 66 жаста, ал ең жасы – 34-те. Еңбек өтілінің рекорды – 47 жыл.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы саланың барлық қызметкерлеріне өз ісіне адалдығы, кәсібилігі және елдің өнеркәсіптік дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.