23.10.2026
Рельстер мен шпалдардан бастап вагондар мен электровоздарға дейін: Қазақстан теміржол машина жасау саласын дамытуда серпіліс жасады

Қазақстан отандық өндірісті дамытып, әлеуметтік сала мен білімге инвестиция салып, цифрлық технологияларды игеріп, халықаралық байланыстарын нығайтып келеді. Экономикалық дамудың негізгі нәтижелері туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде баяндады.

Елеулі жетістіктердің бірі – теміржол машина жасау саласының дамуы. Елімізде рельстер, шпалдар, вагондар мен электровоздар шығарылады. Жыл сайын 150 мыңнан астам жеңіл және жүк көлігі өндіріледі. Сонымен қатар соңғы бес жылда өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорттағы үлесі 45%-дан асты.

2019 жылдан бері ел экономикасы шамамен 30%-ға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі 350 млрд долларға жуықтады. Ал жан басына шаққандағы көрсеткіш 15 мың доллардан асты. Шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 40%-ға жетіп, еңбекке қабілетті халықтың жартысына жуығын жұмыспен қамтып отыр.

«Экономикалық өсім статистикада ғана емес, азаматтардың күнделікті өмірінде де көрініс табуы керек», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.


Жеті жыл ішінде әлеуметтік салаға 88 трлн теңге бағытталды. 2019 жылдан бері 1 259 медициналық мекеме салынды, ал халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтады. Өткен жылы елде 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жеті миллион баланың есепшотына 2,5 млрд доллар аударылды.

Білім беру саласына да қомақты қаражат бөлінуде. Жеті жылда 1 483 балабақша ашылып, 1 342 мектеп салынды. Жастарға жалпы құны 1,5 трлн теңгеден асатын 655 мыңнан астам білім беру гранты берілді.

Президент елдің бәсекеге қабілеттілігі көп жағдайда заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын және өзгермелі экономика талаптарына жауап беретін мамандарды даярлауға байланысты екенін атап өтті.

Цифрландыру да басым бағыттардың бірі болып отыр. Қазақстанда Astana Hub технопаркі мен Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы жұмыс істейді. IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асты, екі суперкомпьютер іске қосылып, үшіншісін құру жұмыстары дайындалуда. Сонымен қатар «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» кластері салынуда.

«Цифрлық технологиялар азаматтар, ғылым мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Жеті жыл ішінде Қазақстан 155 млрд доллар шетелдік инвестиция тартты. Жыл басынан бері жалпы сомасы 60 млрд доллар болатын 355 коммерциялық келісімге қол қойылды. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымы дамып келеді: автомобиль және теміржолдар салынып, жөнделуде, әуежайлар, вокзалдар, порттар мен шекаралық нысандар жаңғыртылуда.

Бұл жобалар Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы көлік-логистикалық торап ретіндегі рөлін нығайтып, халықаралық сауда мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Өнеркәсіп, әлеуметтік сала, білім беру және цифрлық технологиялардың дамуы экономиканы нығайтып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға да ықпал етуі тиіс.

Дереккөз: 7152.kz