«Жолаушылар тасымалы» АҚ паркі 45-сериялы 17 купелі вагонмен толықты. Осылайша, қазақстандық өндіруші RWS Wagon («ЗИКСТО» ЖШС) компаниясымен бұрын жасалған келісімшарт аясында жылжымалы құрамды жаңарту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Келісімшартқа сәйкес компанияға барлығы 100 жаңа жолаушылар вагоны жеткізілді. Соңғы партияны 2026 жылдың маусым айының соңына дейін жеткізу жоспарланған болатын, алайда вагондар «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на наурыз айының басында тапсырылды. Бұл келісімшарт міндеттемелерін белгіленген мерзімнен төрт ай бұрын орындауға мүмкіндік берді.
Вагондарды жеткізуші – Railways Systems KZ теміржол холдингінің құрамына кіретін қазақстандық өндіруші RWS Wagon («ЗИКСТО» ЖШС) болды. Кәсіпорын заманауи жолаушылар жылжымалы құрамын шығаруға маманданған және елдің теміржол паркін жаңарту бағдарламаларына белсенді қатысып келеді.
Жаңа вагондар жолаушылардың түрлі санаттарына – балалы отбасыларға, егде жастағы адамдарға, туристерге және қозғалысы шектеулі азаматтарға арналған. Табалдырықсыз кіру жүйесі мүгедектер арбасындағы жолаушыларға вагонға өздігінен кіруге мүмкіндік береді, ал санитарлық тораптарда нәресте жөргегін ауыстыруға арналған үстелдер орнатылған.
– Бүгінде жолаушылар жайлылық пен сервистің мүлде жаңа деңгейін күтеді. Біздің міндетіміз – жолаушылардың барлық санаттарына ыңғайлы вагон жасау. Біз «Жолаушылар тасымалы» компаниясымен ұзақ жылдан бері ынтымақтасып келеміз және қазақстандықтардың әлемдік деңгейдегі заманауи вагондарда саяхаттауына жағдай жасауға ұмтыламыз, – деп атап өтті Railways Systems KZ холдингінің президенті Сергей Павлингер.
Штабтық вагондарда қозғалысы шектеулі жолаушыларға арналған кеңейтілген арнайы купелер мен жеке санитарлық тораптар қарастырылған. Жылжымалы есіктер шу деңгейін азайтып, кеңістікті үнемдеуге мүмкіндік береді, ал вагондар арасындағы герметикалық өткелдер қолайлы микроклиматты сақтайды.
Вагондар әртүрлі климаттық жағдайларда пайдалануға бейімделген. Вакуумды дәретханалар ұзақ тұрақтар кезінде де жұмыс істейді, ақпараттық тақталар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді, ал заманауи арбашалар пойыздың бірқалыпты қозғалысын қамтамасыз етеді.
Жаңа вагондардың жеткізілуі «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на сервистің сапасын одан әрі арттыруға және Қазақстан теміржолдарында жолаушылар үшін анағұрлым жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Дереккөз: rail-news.kz