28.05.2026
Railcast Systems Қазақстан машина жасаушыларының одағы алаңында өндірістік әлеуетін таныстырды

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен машина жасау кәсіпорындары қатысуымен 2026 жылғы он тоғызыншы онлайн-отырыс өтті.

Отырыс барысында отандық кәсіпорындар арасындағы өндірістік кооперацияны дамытуға және елішілік құн үлесін арттыруға бағытталған Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту (ЭКСЖ) жөніндегі ұлттық жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Одақтың Атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Махамбет Мендіғалиевтің айтуынша, жоба аясында өндірістік тізбектерді қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде: кәсіпорындар арасында келіссөздер ұйымдастырылып, одан әрі өзара іс-қимыл үшін пайдаланылуы мүмкін шикізат пен өнім түрлері бойынша бастапқы деректер жолданды.

«Railcast Systems» ЖШС технология жөніндегі директоры Игорь Мурзин RWS KZ компаниялар тобына кіретін кәсіпорынның өндірістік әлеуетін таныстырды. RWS KZ – жылжымалы құрам мен теміржолдың жоғарғы құрылым элементтерін өндіруге маманданған Қазақстандағы ірі теміржол машина жасау кластерлерінің бірі.

Кәсіпорын Екібастұз қаласында орналасқан және теміржол машина жасауға арналған өнім шығаруға маманданған. Өнім ассортиментіне локомотив бандаждары, сақиналар, тартқыш жылжымалы құрамға арналған тісті дөңгелек дайындамалары, дөңгелек орталықтары, локомотив және вагон осьтері, сондай-ақ өнеркәсіптік мақсаттағы соғылған бұйымдар кіреді.

Өндірістік процесс Track&Trace автоматтандырылған жоспарлау және басқару жүйесін қолдану арқылы ұйымдастырылған, бұл өнімнің қадағалануын қамтамасыз етіп, өндірістік процестердің тиімділігін арттырады.

Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 88 мыңға дейін локомотивке арналған қара бандаждар, 25 мың тісті дөңгелек дайындамасы, 9,4 мың дөңгелек орталығы, 36 мың локомотив және вагон осьтері, сондай-ақ құрал-сайман өндірісіне арналған өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Отырысқа қатысушылар ел ішіндегі өндірістік кооперацияны дамыту және жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтудың, импортқа тәуелділікті төмендетудің және отандық кәсіпорындардың ірі инфрақұрылымдық әрі өнеркәсіптік жобаларға қатысуын кеңейтудің маңызды шарты екенін атап өтті.


«Railcast systems» ЖШС презентациясы