05.03.2026
QazInnovations гранттары мен салалық кәсіпорындарға арналған мүмкіндіктер туралы Қазақстан машина жасаушыларының одағында айтылды

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер, машина жасау кәсіпорындары мен салалық серіктестер қатысуымен 2026 жылғы тоғызыншы онлайн-отырыс өтті. Отырыстың тақырыбы инновациялық жобаларды мемлекеттік қолдау шаралары мен отандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін дамыту мәселелері болды.

Отырыс барысында «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ Сараптама орталығының директоры Ануар Тұнғат инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы құралдарын таныстырды.

Оның айтуынша, QazInnovations инновациялық саясат саласындағы ұлттық даму институты ретінде инновациялық экожүйені дамытуға аналитикалық сүйемелдеу жүргізеді, мемлекеттік органдар мен бизнеске әдістемелік және кеңесшілік қолдау көрсетеді, сондай-ақ инновациялық қызмет мәселелері бойынша сараптамалық қорытындылар мен ұсынымдар береді.

Кәсіпорындарға әртүрлі қолдау құралдары қолжетімді. Олардың қатарында өз әзірлемелерін қолдауға және технологиялар трансферіне арналған инновациялық гранттар, технологияларды коммерцияландыру бағдарламалары, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен салаларды технологиялық дамыту жобалары бар.

Кездесу барысында технологияларды коммерцияландыруға арналған гранттық қолдауға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, бірінші кезеңде өнімді жетілдіруге және коммерцияландыру стратегиясын әзірлеуге 20 млн теңгеге дейінгі грант қарастырылған. Жобаның іске асу мерзімі алты айға дейін, міндетті түрде кемінде 10% бірлесіп қаржыландыру талап етіледі.

Екінші кезеңде өнім өндірісін іске қосу және оны нарыққа шығару үшін 80 млн теңгеге дейін гранттық қаржыландыру көзделген. Жобаны іске асыру мерзімі 18 айға дейін. Негізгі талаптардың қатарында өндіріске дайын өнімнің болуы, маркетингтік жоспар және грант сомасының кемінде 30% көлемінде инвестиция тарту бар.

Сондай-ақ қатысушыларға қолдаудың басым бағыттары таныстырылды. Олардың қатарында өңдеуші және электрондық өнеркәсіп, Индустрия 4.0, робототехника, жаңа материалдар, ғарыштық технологиялар және басқа да салалар бар.

Отырыс аясында «Макинск құю-механикалық зауыты» ЖШС бас директоры Юрий Хмызов кәсіпорынның таныстырылымын өткізіп, шығарылатын өнімдер туралы айтып берді.

Кәсіпорын 2002 жылы КСРО Геология министрлігінің Степной ПГО УПТОК базасында құрылған. Аталған құрылым 1956 жылы бұрғылау және геологиялық барлау жұмыстарында пайдаланылатын машиналар мен тетіктерге арналған қосалқы бөлшектер шығаруға маманданған. Қазіргі уақытта зауыт құрамында механикалық және құрастыру цехтары, кіші және үлкен құю цехтары, сондай-ақ аттестатталған зауыт зертханасы бар.

Бүгінде кәсіпорын теміржол жылжымалы құрамына арналған қосалқы бөлшектерді, құрылыс техникасына арналған өнімдерді, монолитті құрылысқа арналған қалып жүйелерін, ауыл шаруашылығы техникасына арналған бөлшектерді, сондай-ақ қатты отынмен жұмыс істейтін қазандықтарға арналған оттық өндіреді.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы алаңында өткізілетін тұрақты салалық кездесулер кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау шаралары туралы өзекті ақпарат алуға, тәжірибе алмасуға және машина жасау саласын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.


«QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ  презентациясы