24.09.2026
QazaqGaz компаниялар тобының отандық өндірушілерден сатып алу көлемі 7,9 млрд теңгеден асты

«QazaqGaz» ҰК» АҚ-да мемлекеттік органдардың бастамасымен отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелеріне арналған кезекті дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына Энергетика министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаментінің жер қойнауын пайдалану саласын дамыту басқармасының басшысы Бағлан Сембекова, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мұратбек Маханов, Қазақстан машина жасаушыларының одағы төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов және «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС өкілдері қатысты.

QazaqGaz компаниясының сатып алу және қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директоры Алмас Ақыловтың мәліметінше, биыл компаниялар тобы аясында ҚҚС-ты есептемегенде, жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асатын офтейк-келісімшарттар жасалған. Жыл соңына дейін тағы 4 млрд теңгеден астам сомаға қосымша келісімшарттар жасасу жоспарланып отыр.

Биыл QazaqGaz компаниялар тобының отандық тауар өндірушілердің қатысуымен жүзеге асырған сатып алу көлемі 7,9 млрд теңгеден асты. Бұл көрсеткіштер QazaqGaz компаниясының сатып алудағы отандық өнім үлесін арттыру және офтейк-келісімшарттар жүйесін дамыту жөніндегі ел басшылығының тапсырмаларын орындап отырғанын көрсетеді.

Дөңгелек үстел барысында «Интергаз Орталық Азия» АҚ мен «Zhaik Electric» ЖШС арасында дәнекерлеу агрегатын жеткізу, сондай-ақ «PRODCORE» ЖШС-мен газ айдау агрегатын автоматты басқару жүйесін жеткізу бойынша офтейк-келісімшарттарға қол қойылды.

Отандық өндірушілермен ынтымақтастықты дамыту мақсатында «Интергаз Орталық Азия» АҚ «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС, «Қазақстандық металл конструкциялары зауыты» ЖШС және «ТЭМПО – Қазақстан» ЖШС-мен газ қысымын реттегіштерді, тез ажыратылатын құрылғыларды (ТАҒ) және болат құбырларды өндіруді жергіліктендіру жөніндегі меморандумдарға қол қойды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар QazaqGaz компаниясының газ саласын дамытуға отандық өндірушілердің қатысу аясын үнемі кеңейтіп, оларды қолдап келе жатқанын атап өтті.

Дереккөз: gurk.kz