04.09.2025
Петропавлда «ЗИКСТО» АҚ-ның жаңа цехы іске қосылуға дайын және жүздеген жұмыс орнын ашпақ

Солтүстік Қазақстан облысында «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ қатысушысы «ЗИКСТО» АҚ жаңа өндірістік цехын іске қосуға дайындық аяқталуда. Жобаның жүзеге асырылуы өңірдегі теміржол машина жасау саласының дамуына маңызды қадам болып, 300-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Нысанның жалпы аумағы шамамен 12 мың шаршы метрді құрайды, ал жобаның құны 24 млрд теңгеге бағаланып отыр. Жаңа цех заманауи роботтандырылған жабдықтармен жарақтандырылған, бұл жүк тасымалдаушы жылжымалы құрамды шығарудың толық өндірістік циклін ұйымдастыруға жол ашады. Алдын ала есептеулер бойынша, зауыт қуаты жылына 3 мыңға дейін вагон шығаруға жеткілікті.

«ЗИКСТО» АҚ атқарушы директоры Данис Араслановтың айтуынша, жаңа цехтың басты артықшылығы – әмбебаптығында. Мұнда әртүрлі өнімдер – платформа-вагондар мен жартылай вагондардан бастап, ұзындығы 40 және 80 фут болатын рамалар мен платформаларға дейін өндіріледі. Өндірістік үдерістердің барынша автоматтандырылуы мен цифрландырылуы өнімнің жоғары дәлдігі мен тұрақты сапасын қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда цехта жүк вагондарына арналған арбалар құрастырылады, сондай-ақ доңғалақ жұптарын шығару жолға қойылған. Қажетті құрамдас бөліктер – осьтер мен доңғалақтар – Екібастұздағы серіктес кәсіпорыннан жеткізіледі. Бұл ішкі кооперацияның дамуына және отандық өндірістің өзін-өзі қамтамасыз етуіне ықпал етеді.

Нысанды пайдалануға беру осы айға жоспарланған. Жаңа қуаттардың іске қосылуымен зауыттағы жалпы қызметкерлер саны 1000 адамға жуықтайды.

Айта кету керек, «ЗИКСТО» АҚ Қазақстандағы толық циклді ірі машина жасау бірлестігі болып табылатын Railways Systems KZ теміржол кластеріне кіреді. Кластер құрамына Петропавл мен Екібастұздағы зауыттар енеді. Бұл кәсіпорындар жүк вагондары мен олардың компоненттерін, теміржол жолдарының үстіңгі құрылысының элементтерін және теміржол саласының кешенді дамуын қамтамасыз ететін басқа да өнімдерді шығарады.

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ атап өткендей, жаңа өндірістік цехтың іске қосылуы отандық машина жасау саласын дамытуға елеулі үлес болып табылады. Одақ кәсіпорын-мүшелерімен тығыз байланыста жұмыс істеп, олардың мүдделерін республикалық деңгейде ілгерілетуге ықпал етеді, мемлекеттік органдармен және ірі тапсырыс берушілермен тиімді диалог құруды қамтамасыз етеді. «ЗИКСТО» АҚ-ның жаңа цехы сияқты жобалардың жүзеге асырылуы өндірістік кооперацияны дамытуға және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей ықпал етеді.