08.01.2026
Отандық өндірушілерге тауарларды теміржол арқылы тасымалдау шығындары өтеледі

Қазақстанда отандық өндірісті қолдауға арналған мемлекеттік құралдар кеңейтілуде. «Қазақстанда шығарылған өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерлетуге бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету қағидаларына» өзгерістер енгізілді.

Енгізілген өгерістерге сәйкес енді отандық кәсіпорындарға ел ішінде теміржол арқылы басым тауарларды тасымалдауға жұмсалған шығындардың 50% - на дейін өтемақы беріледі. Өтемақының ең жоғары мөлшері 10 мың айлық есептік көрсеткішті (43,25 млн теңге) құрайды. Бұған дейін республикада ішкі теміржол тасымалдарын мемлекеттік қолдау шаралары қолданылмаған.

Жаңа шара өндірушілердің көлік шығындарын азайтуға, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және отандық қамтудың өсуін ынталандыруға бағытталған.

Сонымен қатар, халықаралық өнімді сертификаттау шығындарын өтеу көлемі бес есе ұлғайды. Бұрын мемлекет 3 000 АЕК-ке дейін өтемақы берсе, қазір — 15 000 АЕК-ке дейін, бұл шамамен 65 млн теңгені құрайды. Халықаралық сертификаттардың болуы қазақстандық компанияларға трансұлттық құрылымдардың тендерлік рәсімдеріне қатысуға және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, «Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну қағидаларына» бірқатар өзгерістер енгізілді. Салық көрсеткіштері бойынша талаптар жеңілдетілді: енді жыл сайынғы салық түсімінің өсу шарты жеті жылдан аз тіркелген кәсіпорындарға қолданылмайды (бұрын — үш жылдан аз). Бұл жаңа өндірістердің жобалық қуатқа шығу мерзімін ескеріп, мемлекеттік қолдауға қолжетімділікті кеңейтеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан қабылданған аталмыш өзгерістердің негізгі мақсаты – қазақстандық тауар өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдауды күшейту және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.

 «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерлетуге жұмсалған шығындарын өтеу бойынша оператор. 2025 жылдың қорытындысы бойынша орталық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 1 млрд 436 млн теңгеден астам сомаға шығындарды өтеді. Жалпы, мемлекеттік қолдау шамамен 60 кәсіпорынға көрсетілді.

Мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы толық ақпарат http://www.qazindustry.gov.kz  ресми сайтында орналастырылған. Әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry кеңсесінде (Астана қ., Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы) Ашық есік күндері өткізіледі. Сондай-ақ, кеңес алу үшін +7 (7172) 79 33 99 (ішкі 444) телефоны арқылы хабарласуға болады.


Дереккөз: ҚР ӨҚМ