Қостанай облысында Kia Kazakhstan автозауытын салу аясында автобөлшектер өндірісі жолға қойылады. Жоба Seoyon E-Hwa Kazakhstan бірлескен кәсіпорны арқылы іске асырылып, жалпы инвестиция көлемі 27 млн АҚШ долларын құрайды. Өндірісті іске қосу 2027 жылға жоспарланған.
Бұл туралы «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек пен Seoyon E-Hwa Kazakhstan компаниясының бас директоры Ин Же Чо арасындағы кездесу барысында белгілі болды.
Қостанайдағы кәсіпорында есік карталары, орындықтар, бамперлер, консольдер, төбе қаптамалары және автокөліктің интерьері мен экстерьеріне арналған өзге де бөлшектер өндірілмек.
«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ аталған жобаның жүзеге асуы отандық автоөнеркәсіпті дамытуда және толыққанды автомобиль кластерін қалыптастыруда маңызды қадам болатынын атап өтті.
«Kia зауытының құрылысы мен Қостанайдағы автобөлшектер өндірісін жергіліктендіру бүкіл сала үшін мультипликативтік әсер береді. Елге жаңа халықаралық жеткізушілер келеді, кооперациялық тізбектер кеңейеді, жергіліктендіру деңгейі артады. Бұл үдерістерге отандық кәсіпорындар мен мамандардың барынша қатысуы Одақ үшін өте маңызды», – деді Қазақстан машина жасаушыларының одағы атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков.
Одақта сондай-ақ жобаның жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын құруға, қазақстандық өндірушілердің құзыреттілігін арттыруға және автомобиль өнімдерін өңір елдеріне экспорттау әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Материал «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ақпараттары негізінде дайындалды