Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумына қатысты, деп хабарлады Қазақстан машина жасаушыларының одағы.
Өз сөзінде ол Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына сәйкес, Қазақстанда машина жасау саласын дамыту үшін болжамды әрі тұрақты орта қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мемлекет пен бизнестің ортақ міндеті — әділ әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту.
«Жаһандық бәсекелестік жағдайында технологиялық даму негізгі факторға айналуда. Бұл — цифрландыру, роботтандыру және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері. Президент қойған ауқымды міндеттер аясында бұл үдерістер ерекше маңызға ие болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Қазақстан өңірдегі жетекші цифрлық хабтардың біріне айналуы тиіс. Биылғы жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы машина жасау саласына технологиялық серпіліс үшін жаңа серпін береді», — деді Премьер-министр.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 5,7 трлн теңгеге жетіп, нақты көлем индексінің өсімі 13%-ға жуықтады. Отандық өндірушілер сыртқы нарықтарға сенімді түрде шығып келеді. Мұны соңғы бес жыл ішінде экспорт көлемінің екі еседен астам өсуі дәлелдейді — 1,3 млрд доллардан 3,1 млрд долларға дейін. Республика бойынша бүгінде 4 мыңға жуық зауыт жұмыс істейді, онда 130 мыңнан астам білікті маман еңбек етеді.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің үштен бірге өсіп, 376 млрд теңгеге жетуі саланы одан әрі жаңғыртуға негіз қалап отыр. Оң динамика автомобиль жасау, ауыл шаруашылығы, теміржол және электротехникалық машина жасау салаларын қоса алғанда, барлық негізгі бағыттарды қамтыды.
Өз кезегінде Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев саланың одан әрі дамуы озық технологияларды енгізу мен өнеркәсіпті цифрлық трансформациялаумен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Роботтандыру мен цифрлық технологиялар еңбек өнімділігін арттырудың, машина жасау мен жалпы өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің негізгі факторына айналуда. Өндіріске заманауи технологияларды енгізу, ішкі нарықты дамыту, қазақстандық машина жасаушылардың экономиканың негізгі секторларындағы қатысуын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылуда», — деді Мейрам Пішембаев.
Оның айтуынша, машина жасау саласын дамытудың негізгі бағыты инновацияларға, цифрландыруға және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға негізделген жоғары технологиялық модельге көшу болмақ.
Дереккөз: tengrinews.kz