Жасанды интеллектіні қолдану салдарынан қандай жұмысшы мамандықтар өзгеріп жатыр және алдағы жылдары қандай дағдыларға сұраныс артады?
Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан төмен болғанымен, кәсіпорындар әлі де кадр тапшылығына тап болып отыр. Бұл мәселе әсіресе жұмысшы мамандықтар саласында айқын сезіледі: жұмыс берушілерге дәнекерлеушілер, электриктер, жабдық операторлары және басқа да мамандар қажет. Алайда қажетті дағдылары бар қызметкерлерді табу барған сайын қиындап келеді.
Сонымен қатар жекелеген жұмысшы мамандықтардың сипаты да өзгеріп жатыр. Кәсіпорындарда жасанды интеллект жабдықтардың жұмыс деректерін талдау, ақау белгілерін анықтау, өнім сапасын және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау үшін қолданылуы мүмкін. Бұл технология маманды толық алмастырады дегенді білдірмейді. Көп жағдайда ол маманға мәселені жылдам анықтап, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.
Сондықтан қазіргі жұмысшы маманға кәсіби дағдыларды меңгеру ғана жеткіліксіз. Ол автоматтандырылған жүйелердің қалай жұмыс істейтінін түсініп, заманауи жабдықтарды қолдана білуі, сондай-ақ өз жұмысында цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні пайдалана алуы керек.
Мұндай дағдыларды білім алу кезеңінде қалыптастыру маңызды. Жоғары оқу орындары мен колледждер түлектердің өзгеріп жатқан өндірістік ортада жұмыс істеуге дайын болуы үшін оқу бағдарламаларына жаңа технологияларға қатысты пәндерді енгізуге тырысады. Жабдықтар мен технологиялар неғұрлым жылдам өзгерген сайын, нақты бір операцияны орындау дағдысымен қатар, жаңартылған технологияны түсіну, жаңа құралды меңгеру және стандарттан тыс міндеттерді өз бетінше шеше білу қабілеті де маңызды бола түседі.
Жұмысшы кадрлар тапшылығы
Tanu.AI компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Бобир Ражаметов Қазақстанда кадр тапшылығы мәселесі барған сайын айқын сезіліп келе жатқанын атап өтті. 2025 жылы кадрлардың тұрақтамау коэффициенті 22,7 пайызды құрады. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Бір жыл ішінде миллионнан астам қазақстандық жұмыс орнын ауыстырған. Оның айтуынша, жасанды интеллектінің дамуы мен еңбек нарығындағы өзгерістерге байланысты жаңа технологияларды меңгеруге дайын мамандарға деген сұраныс тек арта түседі.
Кадр мәселесі әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларында өткір тұр. Мәселен, белгілі бір біліктілік разрядтары бар дәнекерлеушілер, электриктер мен электр монтаждаушылары, жөндеуші слесарьлар, сандық бағдарламалық басқару станоктарының операторлары, заманауи жабдықтарды баптаушылар, бетоншылар және арнайы техниканың машинистері жетіспейді.
Жастар неге жұмысшы мамандықтарды таңдауға асықпайды?
Бобир Ражаметов жастардың жұмысшы мамандықтарды таңдауға құлықсыз болуының төрт негізгі себебін атап өтті.
«Бірінші себеп – әлеуметтік стереотип. Қазақстандық отбасыларда әлі күнге дейін “колледжге жоғары оқу орнына түсе алмағандар барады” деген түсінік бар. 15 жастағы жасөспірім мамандықты емес, ата-анасы құптайтын әлеуметтік мәртебені таңдайды. Жастар арасында жүргізілген сауалнамалар көрсеткендей, олардың басым көпшілігі мектептен кейін университетке түсуді әлі де негізгі әрі дұрыс қадам деп қабылдайды», – деп атап өтті ол.
Екінші себеп – жұмысшы мамандықтар туралы түсініктің бүгінгі өндірістің шынайы келбетінен әлдеқайда артта қалуы. Сарапшының айтуынша, дәнекерлеуші немесе слесарьды көбіне лас әрі ауыр жағдайда, негізінен қол еңбегімен жұмыс істейтін адам ретінде елестетеді. Алайда заманауи кәсіпорындарда роботтандырылған кешендер, цифрлық панельдер мен диагностикалық жүйелер қолданылады.
Үшінші себеп ретінде спикер мансаптық өсу жолының айқын көрсетілмеуін атады. Жоғары оқу орындарының түлектері үшін мансаптық жол түсініктірек: маман, менеджер, басшы. Ал жұмысшы маманның да осындай өсу мүмкіндігі бар екеніне қарамастан, оған бұл жолды ешкім көрсетпейді. Мәселен, біліктілік разрядтарын арттыру, шебер, технолог болу, өз шеберханасын ашу, ірі жобаларда вахталық әдіспен жұмыс істеу, тіпті шетелде еңбек ету мүмкіндіктері бар.
Әрине, мамандық таңдауға жалақы мен еңбек жағдайлары да әсер етеді. Бобир Ражаметовтың айтуынша, 2026 жылдың II тоқсанында орташа атаулы жалақы шамамен 486 мың теңгені, ал медианалық жалақы 348 мың теңгені құраған. Еңбек жолын енді бастаған жұмысшы көбіне медианалық көрсеткіштен төмен жалақы алады, ал жоғары табысқа біліктілік разряды мен тәжірибе жинақтаған кезде ғана қол жеткізеді. Бұған вахталық жұмыс, басқа өңірге көшу және баспана мәселесін қоссақ, кеңседегі жұмыс жалақысы бірнеше есе төмен болса да, тартымдырақ көрінуі мүмкін.
Спикер осы төрт себептің де түп-тамыры сапалы кәсіптік бағдар берудің жеткіліксіздігінде екенін атап өтті. Егер жасөспірім өзінің мықты тұстарын білмесе және еңбек нарығындағы нақты жағдайды көрмесе, онда ол ересектер қалыптастырған стереотиптерге сүйене отырып таңдау жасайды.
Жасанды интеллект жұмысшы мамандарға қалай көмектесіп жүр?
«Дене еңбегіне қажетті дағдылар жойылып жатқан жоқ – қол еңбегі әлі де маңызды. Бірақ оған цифрлық дағдылар қосылып келеді және адамның қанша табыс табатынын дәл осы дағдылар айқындайды. 2026 жылдың соңына дейін 600-ден астам жұмысшы мамандықты қамтитын жаңа кәсіптік стандарттар енгізіледі. Оларға цифрлық дағдылар мен жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеу талаптары да енгізіледі», – деді ол.
Бобир Ражаметов жасанды интеллектінің өндірісте қолданылып жүрген бірнеше мысалын да келтірді. Мәселен, дәнекерлеушілерді оқыту кезінде бұрышты, жылдамдықты, қашықтықты нақты уақыт режимінде талдап, дәнекерленген тігіске баға беретін VR-тренажерлер қолданылады. Оның айтуынша, мұндай тәсіл оқыту үдерісін жеделдетіп, материалдарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өндірісте компьютерлік көру жүйелері дәнекерлеу тігісінің сапасын жұмыс барысында бақылауға мүмкіндік береді. Ал бір типтес дәнекерлеу жұмыстарын коллаборативті роботтар орындай алады. Бұл дәнекерлеушілерге күрделі қосылыстарды орындауға көңіл бөлуге жағдай жасайды.
Дереккөз: informburo.kz