27.04.2026
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ ШОБ кәсіпорындары үшін лизингтік қаржыландырудың жаңа бағдарламасын іске қосады

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қолдауымен өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес субъектілерінің қолданыстағы өндірістік қуаттарын жаңғыртуға арналған лизингтік қаржыландырудың жаңа бағдарламасын іске қосады.

Бағдарлама шағын және орта бизнес субъектілерін техникалық жарақтандыру/қайта жарақтандыру, жаңа жабдық сатып алу және кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын кеңейту мақсатында қолдауды арттыруға бағытталған.

Осы бағдарлама аясындағы лизингтік қаржыландыру кезең-кезеңімен іске асырылады. Бірінші кезеңдегі жалпы бюджет көлемі 5 млрд теңгені құрайды. Кейінгі кезеңдерде қаражат бөлінген жағдайда қосымша хабарланатын болады.


Бағдарламаның негізгі шарттары:

  1. Бір лизинг алушыға/Компаниялар тобына арналған лимит – 1 млн теңгеден 300 млн теңгеге дейін.
  2. Сыйақы мөлшерлемесі – 12,6%.
  3. Қаржыландыру мерзімі – 3 жылдан 5 жылға дейін.
  4. Лизинг алушының меншікті қаражатпен қатысуы – лизинг нысаны құнының 10%-ы.
  5. Лизинг алушының операциялық қызмет мерзімі өтінім берілгенге дейін кемінде толық бір күнтізбелік жылды құрауы тиіс.
  6. Лизинг нысаны – бұрын пайдаланылмаған, өтінім берілген күнге дейін өндірілгеніне 3 жылдан аспаған, толық кедендік рәсімдеуден өткен жаңа жабдық (өздігінен жүретін техника мен медициналық жабдықты сатып алуға жол берілмейді).
  7. Лизинг нысанасының сатушысы/жеткізушісі – Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын, жабдықты өндіруші отандық зауыт немесе өндіруші зауыттың ресми дистрибьюторы/дилері. Сондай-ақ, жабдыққа (лизинг нысанына) қатысты ресми құқықтары мен лицензиялары/сертификаттары (қажет болған жағдайда) болуы және жабдықты пайдалануға беру актісіне қол қойылған сәттен бастап кемінде 1 жыл бойы кепілдік және сервистік қызмет көрсетуге өндірістік мүмкіндігі болуы қажет.
  8. Жеңілдік кезеңі – сыйақы бойынша қарастырылмаған, негізгі қарыз бойынша қаржылық лизинг шартына қол қойылған сәттен бастап 6 айға дейін.
  9. Қамтамасыз ету – лизинг нысаны және заңды тұлға нысанындағы лизинг алушының бенефициарлық меншік иелерінің жеке кепілдігі. Қосымша кепіл талап етілмейді.
  10. Өтеу мерзімділігі – ай сайын тең төлемдермен.


Лизингтік қаржыландыру алуға кедергі келтіретін факторлар:

  1. Өтінімді қарау күніне мерзімі өткен берешектің болуы.
  2. Лизинг алушының мәмілені жасау және/немесе орындау мүмкіндігіне немесе орындылығына күмән келтіретін ресми теріс ақпараттың болуы, оның ішінде лизинг алушының санация, оңалту рәсімінде болуы, атқарушылық өндіріс процесінде болуы, сондай-ақ операциялық қызметтің тиісті деңгейде жүргізілмегенін және сенімсіздік белгілерін растайтын өзге де жағымсыз ақпарат.
  3. Өтінім беру сәтінде лизинг алушының операциялық қызмет мерзімі толық бір операциялық күнтізбелік жылдан аз болуы.
  4. Алдыңғы күнтізбелік жылдағы айналым көлемінің лизинг нысаны құнынан кемінде бір жарым есе төмен болуы.
  5. Лизинг алушының/оның бенефициарлық меншік иелерінің және/немесе Жеткізушінің/оның бенефициарлық меншік иелерінің санкциялық тізімде болуы.
  6. Мерзімі өткен салық берешегінің болуы.
  7. Лизинг алушы қызметінің келесі салалармен байланысты болуы:

– қару-жарақ өндіру;

– алкоголь өнімдерін өндіру;

– есірткі, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өндіру;

– темекі өнімдерін өндіру;

– қонақүй қызметі объектілерінің ажырамас бөлігі болып табылмайтын тұрғын үй құрылысы;

– геологиялық барлау жұмыстары;

– ойын бизнесі;

– Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынған қызмет түрлері.


Осы бағдарлама аясында әлеуетті өтінім берушілерді іріктеу Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде орналасқан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ филиалдары арқылы жүзеге асырылады.

Дереккөз: zakon.kz