11.09.2026
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ инвестициялық жобаларды қаржыландыру тәсілдерін жаңартуда

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ «Байтерек» Холдингінің Инвестициялық саясатына енгізілген өзгерістерге сәйкес инвестициялық жобаларды қаржыландыруға деген тәсілдерін жаңартуда. Негізгі жаңалықтар Қордың ресурстарын нүктелі шоғырландыруға, ең алдымен ел үшін ірі және экономикалық тұрғыдан маңызды жобаларды қолдауға бағытталған; бұл орайда негізгі акцент машина жасау саласын дамытуға, кешенді өндірістік кластерлер қалыптастыруға және мемлекеттік қаржылық қолдау құралдарының тиімділігін арттыруға бағытталады.

Өнеркәсіпті дамыту қорының отандық машина жасауға бағытталған ерекше назары осы саланың республика экономикасына елеулі мультипликативті әсерімен айқындалады. Белгілі болғандай, осындай ауқымды өндірістерді іске қосу локализацияны арттыруға, жүздеген жаңа жұмыс орны ашуға, ішкі және сыртқы нарықтарға сұранысқа ие өнім шығаруды ұлғайтуға, сондай-ақ бюджетке салықтық түсімдерді айтарлықтай арттыруға ықпал етеді. Машина жасауды дамыту бір мезгілде компоненттер мен жинақтаушы бұйымдар жеткізушілерінің серіктес кәсіпорындарын құруды ынталандырып, кешенді өнеркәсіптік кластерлер мен өндірістік кооперацияның жаңа тізбектерін қалыптастырады. Ең соңында, саланы жүйелі қолдау елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, өңірлерді дамытуға және тұрақты экономикалық өсуге ықпал етеді.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ инвестициялық жобаларды қаржыландыруға деген тәсілдерін жаңартуда - 2

Негізгі жаңалықтардың бірі – машина жасау саласы жобаларын, оның ішінде машина жасау саласына арналған құрамдас бөліктер мен жинақтауыш бұйымдарды өндіруді нысаналы қолдау мақсатында жобаларды қаржыландырудың ең төменгі сомасын 1 млрд теңге деңгейінде белгілеу болып табылады.

Сонымен қатар аталған жобалар аясында Қор өндірістік қуаттарды ғана емес, сонымен бірге машина жасау саласындағы жобамен технологиялық және функционалдық тұрғыдан байланысты болатын қойма үй-жайларын, тұрғын үйді, білім беру орталықтарын, сондай-ақ өзге де ілеспе ғимараттар мен құрылыстарды салуды қаржыландыруды көздейді.

Бұл тәсіл отандық өндірістік базаны машина жасауда дамытуға, өндірісті локализациялауға және жаңа өндірістік тізбектер қалыптастыруға бағытталған жобаларды қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осылайша, қаржыландыруға деген тәсілдерді жаңарту Өнеркәсіпті дамыту қорына ресурстарды ірі инвестициялық жобаларға шоғырландыруға, отандық машина жасауды және соған байланысты өндірістік тізбектерді дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға, мемлекеттік қаржы ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруға және Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар жобаларды іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Машина жасауға жатпайтын өзге де салалардың жобалары үшін инвестициялық жобалардың жалпы құнының ең төмен деңгейі 15 млрд теңгеден белгіленді.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ инвестициялық жобаларды қаржыландыруға деген тәсілдерін жаңартуда - 3

Сонымен қатар машина жасау саласынан тыс аталған жобалар үшін айналым қаражатын қаржыландыру көлемі инвестициялық жобаның немесе лизингтік мәміленің жалпы қаржыландыру сомасының 20%-ынан аспауы тиіс, ал мерзімі қаржыландыру мерзімінен аспауы қажет.

Сонымен бірге қазіргі уақытта Қор елдің экономикасы үшін ең үлкен әсер беретін басым қаржыландыру бағыттарын талдау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.

Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 шілдеге дейін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-на қаржыландыруға өтінімдері түскен жобаларға қолданылмайтынын атап өтейік.


Дереккөз: idfrk.kz