05.08.2026
Неміс технологиялары және қазақстандық өндіріс: «Бёмер Арматура» зауыты қалай дамып келеді

Қазақстан машина жасаушыларының одағы отандық өндірісті дамытып, заманауи технологияларды енгізіп, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып отырған сала кәсіпорындарымен таныстыруды жалғастыруда. Соның жарқын мысалдарының бірі – мұнай-газ саласына, энергетикаға және коммуналдық инфрақұрылымға арналған жоғары технологиялық құбыр арматурасын он жылдан астам уақыт бойы шығарып келе жатқан Қарағанды қаласындағы «Бёмер Арматура» ЖШС.

Кәсіпорын 2014 жылы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының аумағында пайдалануға берілді. Оның құрылуы Қазақстан мен Германия арасындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың нәтижесі болды. Жобаның инвесторы – 1956 жылдан бері әлемдік нарықта жұмыс істеп келе жатқан германиялық BÖHMER GmbH компаниясы. Бүгінде зауыт неміс технологияларын отандық машина жасау саласына табысты енгізудің жарқын үлгісіне айналды.

Кәсіпорында диаметрі 15-тен 1200 мм-ге дейінгі, 420 барға дейінгі қысымда (ANSI Class 2500) және жұмыс ортасының температурасы –60 °C-тан +280 °C-қа дейінгі пайдалануға арналған шарлы крандар өндіріледі. Өнімдер API, ANSI және МЕМСТ халықаралық стандарттарына сәйкес келеді және мұнай-газ саласының нысандарында, жылу электр орталықтарында, сорғы станцияларында, магистральдық жылу желілерінде, сондай-ақ Қазақстанның басқа да стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысандарында қолданылады.

Кәсіпорынның ірі тапсырыс берушілерінің қатарында «Самұрық-Қазына» тобының компаниялары, «QazaqGaz», «Самұрық-Энерго», «ҚазМұнайГаз» және басқа да ұлттық компаниялар бар. Зауыт өнімі құбыр жүйелерін салу және жаңғырту кезінде, сондай-ақ «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры, «Мақат – Солтүстік Кавказ» лупингі, «Талдықорған – Үшарал» сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында пайдаланылады. Бұдан бөлек, жабдықтар «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролиум», NCOC жобалары, Павлодар мұнай-химия зауыты мен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобалары үшін біліктілік рәсімдерінен сәтті өтті.

Ұлттық компаниялармен ынтымақтастықты дамыту өндіріс көлемінің өсуіне ықпал еткен негізгі факторлардың біріне айналды. Егер 2024 жылы кәсіпорын 4 997 шарлы кран өндірсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5 675 данаға дейін өсті. Ал 2026 жылы өндіріс көлемін 6 000 данаға жеткізу жоспарланып отыр.

Кәсіпорынның дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі газ тасымалдау жүйесінің ұлттық операторы «QazaqGaz»-бен офтейк-келісімшарт жасасу болды. Бұл шығарылатын өнім түрлерін едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді.


Жаңа әзірлемелер және өнім түрлерін кеңейту

Кәсіпорында бөлшектелетін шарлы крандар мен Lip Seal тығыздағышымен жабдықталған бұйымдар өндірісі игерілді. Сонымен қатар жабдықтардың герметикалығын бақылауға және қоршаған ортаға таралатын зиянды заттардың шығарындыларын барынша азайтуға мүмкіндік беретін халықаралық экологиялық Fugitive Emission Test сынағы енгізілді.

Іске асырылған техникалық шешімдер кәсіпорынға Батыс Қазақстандағы ірі мұнай-газ операторларының нарығына шығуға, өз өнімдерінің қолданылу аясын кеңейтуге және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік берді.

Кәсіпорын қызметінің басым бағыттарының бірі – өнімдегі ел ішіндегі құндылық үлесін ұлғайту. Жинақтауыш бөлшектердің бір бөлігі тікелей зауытта өндіріледі. Сонымен қатар қазақстандық кәсіпорындармен өндірістік кооперация белсенді түрде дамытылуда.

Бүгінде «Бёмер Арматура» ЖШС бірқатар отандық өндірушілермен ынтымақтастық орнатқан. Атап айтқанда, «Инкар-1» ЖШС фланецтерді, өткелдерді, жалғағыш бөлшектер мен үштіктерді жеткізеді, «KSP Steel» ЖШС құбыр өнімдерін өндіреді, «ҚазПласт» ЖШС полипропиленнен жасалған бөлшектерді, ал «Қазполимер» ЖШС полимер бөлшектерін жеткізеді.


Экспорт және сапаның мойындалуы

Бүгінде кәсіпорын өнімдері Қазақстанда ғана емес, шетелде де сұранысқа ие. Зауыт «Газпром» ЖАҚ жеткізушілерінің тізіліміне енгізілген, ал өнімдері Ресейдің түрлі өңірлері мен Түрікменстанға экспортталады. Бұл қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтардағы жоғары бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсетеді.

Өнім сапасы бірнеше мәрте мемлекеттік және халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. Кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының жеңімпазы атанды, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты болды. Ал 2026 жылы өнім мен көрсетілетін қызметтердің сапасы саласындағы жетістіктері үшін ТМД сыйлығының дипломанты атағына ие болды.


Алдағы даму жоспарлары

Қазіргі уақытта кәсіпорын зауыттың екінші кезеңін салу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл жобаны іске асыру өндірістік қуаттарды ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ел ішіндегі құндылық үлесі жоғары өнім шығаруды кеңейтуге және отандық өндірушінің ішкі әрі сыртқы нарықтардағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Осындай кәсіпорындардың тәжірибесі қазақстандық машина жасаудың заманауи технологияларды табысты меңгеріп, өндірісті жергіліктендіру деңгейін жүйелі түрде арттырып, халықаралық сапа талаптарына сай өнім шығарып отырғанын айқын дәлелдейді.

«Отандық машина жасаудың дамуы өндірісті жергіліктендіріп қана қоймай, заманауи технологияларды енгізетін, қазақстандық жеткізушілермен ынтымақтастықты кеңейтетін және сыртқы нарықтарға шығатын кәсіпорындарсыз мүмкін емес. Дәл осындай кәсіпорындар еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін қалыптастырады», – деп атап өтті Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков.