08.12.2025
ҚМЖО Үйлестіру кеңесі машина жасау саласын дамыту мәселелерін талқылады

Биылғы 10 айда машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 4,3 трлн теңгені құрады, физикалық көлем индексінің өсімі 111,5 пайыз болды.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Қазақстан машина жасаушыларының одағы Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Онда машина жасау саласын дамытудың жүйелі мәселелері, оның ішінде 2024-2028 жылдарға арналған машина жасауды дамыту жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылу барысы және Қазақстан машина жасаушыларының одағы биылғы жылғы жұмысының қорытындылары қаралды.

Отырысты аша отырып, Роман Скляр Үкіметтің отандық машина жасауды қолдау, өндірістік көрсеткіштерді арттыру және саланың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесін ұлғайту бойынша шараларды іске асырып жатқанын атап өтті.

"Бізге қолдау шараларын әзірлеумен қатар, кәсіпорындардың проблемаларын есту, бар кедергілерді түсіну, енгізілген шешімдердің тиімділігін бағалау маңызды. Онсыз алға жылжу мүмкін емес. Кеңестің жұмысы нәтижелі болады деп сенемін. Қабылданатын ұсыныстар саланың дамуын күшейтуге, өндірістік жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын", – деді Роман Скляр.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың 10 айында машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 4,3 трлн теңгені құрады, физикалық көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 111,5% болды. Өңдеу өнеркәсібінің құрылымындағы машина жасау үлесі 18%-ға жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 189 млрд теңгеден 211,7 млрд теңгеге дейін өсті.

Барлық сегменттерде оң өсім байқалады. Ең жоғары өсім көрсеткіштері компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдық өндірісінде (+50%), электр жабдықтарында (+17%) және жалпы мақсаттағы машина жасауда (+16%) тіркелді. Сонымен қатар импорттың жоғары үлесі сақталуда: машина жасау өнімдеріне 19,9 млрд АҚШ доллары немесе ел импортының жалпы көлемінің 43%-ы тиесілі. Бұл отандық өндірісті дамыту үшін айтарлықтай әлеует бар екенін көрсетеді.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында айқындаған өңдеу өнеркәсібінің басымдықтарына назар аударды. Ол осы міндеттерді уақтылы және сапалы іске асыру, жаңа өсім нүктелерін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы тығыз өзара іс-қимыл мен заманауи тәсілдерді қолданудың маңыздылығын атап өтті.

"Жалпы машина жасау – ғылымды қажет ететін, күрделі әрі озық сала ретінде елдің индустриялық дамуының негізгі драйверлерінің бірі. Бұл сала экономикадағы өзге бағыттарға мультипликативті әсер береді, ал оның өнімі жоғары қосылған құнымен ерекшеленеді. Сондықтан Парламент Мемлекет Басшысы қойған міндеттер аясында саланы қолдау жүйесін бірізді түрде қалыптастырып келеді", – деді палата төрағасы.

Ол бұл бағыттағы Палатаның жұмысына кеңінен тоқталып, сенаторлар Қазақстан машина жасаушыларының одағымен бірлесе дайындаған машина жасауды қолдауға бағытталған заң жобасына ерекше назар аударды. Құжат автомобиль өнеркәсібін дамыту, салалық кластерлер құру, АЭА мен индустриялық аймақтарды дамыту, сондай-ақ қосарлы білім беру бойынша маңызды шараларды қамтиды.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев 2023-2024 жылдардағы Қазақстан халқына Жолдауларында айтылған мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады. Оның айтуынша, соңғы бір жылда Үкімет және Парламентпен бірлесіп өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған негізгі заңнамалық өзгерістер қабылданды. Олардың қатарында – стандартталмаған тауарларды биржа арқылы сатып алуды алып тастау, елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын бекіту және офтейк-келісімшарттарды енгізу, елде өндірілмейтін импорттық материалдар мен компоненттерге 1 жылға дейін ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру нормасы, сондай-ақ ҒЗТКЖ-ға 300% салықтық шегерім енгізу бар.

2024 жылғы 20 желтоқсандағы Үйлестіру кеңесі отырысының қорытындысы бойынша берілген бірқатар ұсыныстар Үкімет тарапынан қолдау тауып, нормативтік өзгерістер мен жаңа қаржыландыру құралдары түрінде жүзеге асырылды.

"Негізгі нәтижелердің қатарында – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС есептеу әдісін қолдануды ұзарту, елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру тетіктерін заң жүзінде бекіту, офтейк-келісімшарттар жасау бар. ӨКМ-мен бірлесіп Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету кезінде қарсы міндеттемелерді айқындау және қолдану қағидаларына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар пысықталуда. Халықаралық сертификаттауға жұмсалған шығындарды өтеу шекті көлемі 3 мыңнан 15 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды. ЕАЭО елдері арқылы "сұр" автокөліктерді әкелуге тыйым енгізілді", – деді Мейрам Пішембаев.

Өнеркәсіптік роботтарды жедел енгізу және өндірісті цифрландыру мәселелеріне де назар аударылды. Бүгінде Қазақстанда роботтандыру тығыздығы өңдеу өнеркәсібіндегі 10 мың қызметкерге 9 өнеркәсіптік роботты құрайды, әлемдік орташа көрсеткіш – 162, ал Оңтүстік Корея сияқты көшбасшы елдерде бұл көрсеткіш 1000-нан асады. Осыған байланысты экономиканың салаларын роботтандыру жөніндегі мемлекеттік жоспарлау құжатын әзірлеу және робототехникалық кешендерді енгізуге арналған тікелей қаржыландыру тетіктерін енгізу ұсынылды.

2026 жылы Қазақстан машина жасаушылар одағы саланы дамыту жөніндегі Кешенді жоспарды іске асыру, импортты алмастыру бойынша жұмысты жалғастыру, салалық заң жобасын ілгерілету, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ өнеркәсіптік роботтандыруды енгізу бойынша бастамаларды жандандыруды жоспарлап отыр.


Дереккөз: informburo.kz