Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов мұнай-газ жобаларын жобалау жұмыстарына қатысатын қазақстандық инжиниринг компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді.
Жиында инжиниринг саласындағы отандық компаниялардың нарықтағы рөлін күшейту және жергілікті қамту үлесін арттыруға қатысты негізгі мәселелер талқыланды.
ҚМГ басшысы қазақстандық компаниялардың әлеуеті кеңінен пайдаланылып, олар жобалық шешімдерді бейімдеумен ғана шектелмеуі тиіс екенін атап өтті.
«ҚазМұнайГаз үшін отандық инжинирингті дамыту және жергілікті қамту үлесін арттыру — стратегиялық басымдық. Қазақстандық компаниялар үшін жобаны бейімдеу жұмыстарына ғана емес, оның басты кезеңдеріне атсалысуға жүйелі түрде жағдай жасалып жатыр. Бұл тәсіл еліміздегі мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруға, салада тұрақты сараптаманы қалыптастыруға мүмкіндік береді және мұнай-газ жобаларын іске асырудың тиімділігін қамтамасыз етеді. ҚМГ бұл бағытқа айрықша көңіл бөліп келеді», — деді А.Хасенов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ҚМГ-ның қолдауымен базалық және жұмыс жобалауы кезінде қазақстандық инжиниринг компаниялар барынша тартылатын болады деп келісті. Сонымен қатар ұзақ мерзімді ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Дереккөз: kmg.kz