Маңғыстау облысында құны 8 млрд теңгені құрайтын жаңа өндіріс орнының құрылысы жүргізілуде.
Өңірлік әкімдіктің мәліметінше, жоба Ақтау қаласының өнеркәсіптік аймағында, А-33 автожолы бойындағы 2,2 гектар аумақта, теміржол көлік торабына жақын жерде жүзеге асырылуда.
2027 жылдың соңына дейін мұнда «КАМАЗ» өндірістік-сервистік кешенінің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Кешенде жүк автомобильдерін құрастыру, техникалық қызмет көрсету және күрделі жөндеу жұмыстары жолға қойылады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 8 млрд теңге.
«Кешен аумағында жылына 200-ге дейін жүк автомобилін құрастыратын өндірістік корпус орналасады. Ал сервистік аймақ жылына 1600-ге дейін техникаға техникалық қызмет көрсетіп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге есептелген», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ мұнда қосалқы бөлшектердің өңірлік қоймасы, әкімшілік-тұрмыстық кешен және жүк көліктеріне арналған автожуу станциясы ашылады.
Дереккөз: lsm.kz