23.04.2026
Машина жасаушылар қолдау шаралары мен жабдықтарды жаңарту бағдарламаларын талқылады

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер, машина жасау кәсіпорындары мен салалық серіктестер қатысуымен 2026 жылғы он бесінші онлайн-отырыс өтті. Отырыс барысында мемлекеттік қолдау шаралары, қаржыландырудың жаңа құралдары және отандық өндірісті дамыту мәселелері талқыланды.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Азат Абайдильдин мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндама жасады. Ол Қордың «Қазақстан даму банкі» АҚ-ның еншілес ұйымы болып табылатынын және «Бәйтерек» холдингінің құрылымына кіретінін, сондай-ақ елдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Қор 2020 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған және бүгінгі күні индустриялық дамуды қамтамасыз етіп, бизнестің ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін арттыруда.

Бүгінде Қор портфелі 2,8 трлн теңгені, активтері 3,4 трлн теңгені құрайды. Қаржыландырылған жобалардың елеулі бөлігі мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың негізгі құралдарын жаңартуға бағытталған, оның ішінде төтенше қызметтер, қоғамдық көлік және теміржол саласына арналған арнайы техникаларды сатып алу бар.

«Қор лизинг, кредиттеу және облигацияларды сатып алу сияқты кең ауқымды қолдау құралдарын ұсынады. Қаржыландыру, соның ішінде «Өрлеу» бағдарламасы аясында ««Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы екінші деңгейлі банктерге шартты қаражат орналастыру тетігі бойынша жүзеге асырылады», - деді Азат Абайдильдин.


Аталған бағдарлама бойынша 7 млрд теңгеден жоғары жобалар тікелей Қор арқылы, ал 7 млрд теңгеге дейінгі жобалар екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырылады. Сонымен қатар, машина жасау кәсіпорындары үшін қаржыландыру сомасына шектеу қойылмайды.

Қаржыландыруды алушылар жаңа жұмыс орындарын құру, жалақы деңгейін арттыру және отандық тауарлар мен қызметтерді пайдалану сияқты қарсы міндеттемелерді қабылдайды.

Өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымдық жобалар 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге, 12,6% мөлшерлемемен қаржыландырылады, бизнес тарапынан жоба құнының кемінде 20%-ы көлемінде қатысу міндетті. Сонымен қатар жобалар ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізіледі.

Отырыста өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары үшін станок паркін жаңартуға арналған жаңа бағдарламаның іске қосылуына ерекше назар аударылды. Бағдарлама аясында бір өтініш берушіге 1–300 млн теңге аралығында қаржыландыру қарастырылған.

Сондай-ақ отырыс барысында «Атырау вагон жасау зауыты» ЖШС таныстырылымы өтті. Кәсіпорынның қызметі туралы компанияның GR қызметі өкілдігінің басшысы Дәулет Шантаев баяндады.

Texol компаниялар тобына кіретін зауыт 2024 жылы пайдалануға берілген және жобалаудан бастап сынақтан өткізу, сериялық өндіріс және сервистік қызмет көрсетуге дейін толық циклді индустриялық жоба ретінде дамып келеді. Кәсіпорын Батыс Қазақстандағы теміржол кластерін қалыптастыру аясында іске асырылып, индустриялық секторда маңызды орын алады.

«Жобаға салынған инвестиция көлемі 350 млн АҚШ долларынан асты. Зауыттың жобалық қуаты жылына 8 мың вагонға дейін жетеді, шамамен 3,7 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда», - деді Дәулет Шантаев.


Оның айтуынша, зауыттың іске қосылуы Қазақстандағы вагон өндірісін айтарлықтай арттырады – қазіргі 7 мыңнан 12-14 мың бірлікке дейін. Сонымен қатар елде бұрын өндірілмеген 9 жаңа вагон үлгісі игерілген.

Бүгінде кәсіпорын жартылай ашық вагондар, 40 футтық фитинг платформалар, мұнай өнімдері мен сұйытылған көмірсутек газын тасымалдауға арналған цистерналар шығарады. Сондай-ақ күкірт қышқылы мен өсімдік майына арналған цистерналар, астық және минерал тасымалдаушы вагондар, жабық вагондар және 80 футтық платформалар өндірісі жолға қойылуда.

Зауыт айналасында жөндеу-сынақ кешендері, дөңгелек жұптарын өңдеу шеберханалары, бояу цехы, вагон жуу пункті, сақтау және қызмет көрсету инфрақұрылымы, сондай-ақ ұзындығы 25 км-ге дейінгі теміржол жолдары бар өнеркәсіптік теміржол кластері қалыптастырылған.

Қатысушылар мемлекеттік қолдау тетіктерін одан әрі дамыту, өндірісті жергіліктендіру және сала кәсіпорындары арасындағы кооперацияны нығайтудың маңыздылығын атап өтті.


«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ презентациясы

«Атырау вагон жасау зауыты» ЖШС презентациясы