«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер, машина жасау кәсіпорындары мен салалық серіктестер қатысуымен 2026 жылғы он бірінші онлайн-отырыс өтті. Отырыс барысында бизнесті қаржыландырудың баламалы тетіктері мен отандық кәсіпорынның өндірістік әлеуеті таныстырылды.
Қор нарығы арқылы инвестиция тарту мүмкіндіктері туралы Қазақстан қор биржасы өкілдері – Әділ Сисенғалиев пен Евгения Боженко баяндама жасады. Қатысушыларға 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылған «KASE SME Qadam Bonds» бағдарламасы таныстырылды. Бағдарлама экономиканың нақты секторында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес кәсіпорындарына бағытталған.
Бағдарлама ШОБ субъектілеріне кепілсіз нарықтық қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндік беріп, қор нарығына шығу кезінде шығындарды азайтады. Облигациялар KASE ресми тізімінің «Жеке орналастыру» алаңында жеңілдетілген шарттармен орналастырылады, бұл инвестиция тарту рәсімін жеңілдетіп, қаржыландырудың ашықтығын арттырады.
Бастаманың негізгі мақсаты – бизнестің қор нарығы құралдарына қолжетімділігін кеңейту және корпоративтік ашықтыққа бағытталған жаңа жария эмитенттер класын қалыптастыру.
Сондай-ақ отырыс барысында «ЛИТКОМ компаниясы» ЖШС таныстырылымы өтті. Кәсіпорын машина жасау және металлургия саласында көпжылдық тәжірибесі бар тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатқан компания болып табылады.
Компанияның негізгі қызметі – болат және шойын құймаларынан бөлшектер өндіру. Өнім Қазақстан мен ТМД елдерінің түрлі өнеркәсіп салаларында, соның ішінде жабдықтар мен машиналар өндірісінде қолданылады.
Компания шахталық электровоздар мен тиеу техникаларына арналған күрделі құйма бұйымдарын өндіруді игерген. Өндірістік қуаты жалпы аумағы 1800 ш.м. болатын екі құю цехын және жеке зертхананы қамтиды.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ШОБ үшін қаржыландыру құралдарын дамыту және машина жасау саласының одан әрі өсуі үшін өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы кооперацияны нығайтудың маңыздылығын атап өтті.