Кәсіби мереке – Машина жасаушы – күні қарсаңында Қазақстанда еңбегі мен кәсіби тәжірибесі отандық өнеркәсіптің дамуына зор үлес қосып жүрген сала мамандарына құрмет көрсетілуде.
Биыл машина жасау саласының еліміздің әр өңіріндегі кәсіпорын өкілдері бірқатар наградалармен марапатталды. «Машина жасау өнеркәсібінің үздігі» төсбелгісімен 30 маман марапатталса, тағы 5 кәсіпорын өкілі «Атамекен» ҰКП-ның «Адал еңбегі үшін» медаліне ие болды. Сонымен қатар саланың 4 қызметкеріне Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі атынан Құрмет грамоталары, тағы 26 қызметкерге Қазақстан машина жасаушыларының одағының Құрмет грамоталары табысталды.
Наградаларға Астана мен Алматы қалаларының, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және басқа да облыстардың кәсіпорын қызметкерлері ие болды. Марапатталғандардың қатарында машина жасау саласына 40жыл және одан да көп уақытын арнаған мамандармен қатар, осы саладағы еңбек жолы 10 жылдан астам уақыттан бері жалғасып келе жатқан кәсіби мамандар да бар. Ұрпақтар сабақтастығы жинақталған тәжірибені сақтауға және сонымен бірге жаңа технологиялар мен тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік береді.
Марапатталғандардың қатарында кәсіпорын басшылары, инженерлер, шеберлер, технологтар және өндірістік бөлімшелердің мамандары бар. Олардың күнделікті еңбегі өндірістік құзыреттерді дамытуға, отандық өнім шығаруға және кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
24 қыркүйекте, кәсіби мереке қарсаңында Қарағанды қаласында «Maker (Мэйкер)» ЖШС ұжымына салтанатты түрде наградалар табысталды.
Мерекелік іс-шараның құрметті қонақтары «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев, Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков, сондай-ақ кәсіпорынның серіктестері мен қонақтары болды.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков кәсіпорын ұжымын құттықтап, қызметкерлерге салалық наградаларды табыс етті.
«Атамекен» ҰКП тағайындайтын «Адал еңбегі үшін» медалімен Басқарма төрағасы Андрей Сафонов марапатталды. «Машина жасау өнеркәсібінің үздігі» төсбелгісі өндірістің металл конструкциялары цехының учаске шебері Сергей Шинге табысталды.
Ұжымды құттықтау барысында Талғат Базарбеков машина жасау саласының дамуы өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін адамдардың кәсібилігі мен күнделікті еңбегінсіз мүмкін емес екенін атап өтті:
«Машина жасау – жоғары кәсібилікті, жауапкершілікті, дәлдікті және командалық жұмысты талап ететін сала. Әрбір машина, механизм, жабдық пен өндірістік шешімнің артында көптеген адамның – инженерлер мен конструкторлардың, жұмысшылар мен технологтардың, шеберлер мен мамандардың, басшылардың және күнделікті еңбегімен өндірістің сенімділігі мен дамуын қамтамасыз етіп жүрген барлық қызметкердің еңбегі тұр», - деді Талғат Базарбеков.
Бүгінде Қазақстанның машина жасау саласында 37 кіші саланы қамтитын 5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Онда 120 мыңнан астам адам еңбек етеді. Сала өсім көрсетіп келеді: 2015 жылы өндіріс көлемі 670 млрд теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,8 трлн теңгеге жетті. 2026 жылғы қаңтар–тамыз аралығында өндіріс көлемі 3,7 трлн теңгені құрап, нақты физикалық көлем индексі 21%-ға өсті.
Бұл көрсеткіштердің артында жабдықтарды жобалап, өндіретін, жаңа технологияларды меңгеретін, өндірісті жаңғыртатын және кәсіби тәжірибесін кейінгі ұрпаққа беретін мамандардың еңбегі тұр.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы барлық сала қызметкерлерін Машина жасаушы күнімен құттықтайды! Сіздерге зор денсаулық, кәсіби табыс, жаңа жетістіктер және отандық машина жасау саласының одан әрі дамуын тілейміз.