Екі айдан кейін – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – отандық өндірушілер мәртебесін растаудың жаңа қағидалары күшіне енуі тиіс: қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі (Тізілім) енгізіледі.
Алайда Солтүстік Қазақстандағы бизнес өкілдері IT-жүйе бұл жаңашылдыққа дайын емес, ал уәкілетті органдар тарапынан түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіз екенін алға тартады.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының машина жасау кеңесі өкілдерінің облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаевпен жұмыс кездесуінде өңірдің ірі кәсіпорындары – «ЗМО» ЖШС, «ВФ «Поиск» ЖШС, «ПетроМашЗавод» ЖШС және AVAGRO – индустриялық сертификаттар мен СТ-KZ сертификаттарының күшін өтпелі кезеңсіз жою жүздеген өндіріс орындарының мемлекеттік сатып алуға қатысуына қауіп төндіретінін мәлімдеді. Олардың пікірінше, бұл өндіріс цехтарының тоқтауына және жұмысшыларды жалақы сақталмайтын демалысқа жіберуге алып келуі мүмкін.
– 2026 жылға арналған сертификаттардың қолданылуын сақтау және тізілім жүйесін шағын және орта бизнес субъектілерінің қатысуымен толық тестілеуден өткізу қажет, – деп атап өтті облыстық кәсіпкерлер палатасының машина жасау кеңесінің төрайымы Елена Балярихина.
Өндіріс өкілдерінің ерекше наразылығын жаңа қағидаларды әзірлеушілердің өндірістік желілерге бейнекамера орнату талабы тудырды. Кәсіпкерлердің пікірінше, бұл коммерциялық құпияның бұзылуына әкелуі мүмкін.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев машина жасаушылардың уәждерімен келісіп, бұл мәселені республикалық деңгейде көтеруге уәде берді.
Осы уақытта әлеуметтік желілерде де бұл тақырып кең талқылануда. Мәселен, «ЗМО» ЖШС директорының орынбасары Юлия Крестьянинова IT-жүйенің дайын еместігі – нақты факт екенін айтты. Оның сөзінше, нақты тестілеу тек 36 ірі кәсіпорында жүргізілген, ал шағын және орта бизнес бұл процестен тыс қалған. Ал бейнекамера орнату талабы технологиялық құпияларға қауіп төндіреді.
«ВФ «Поиск» ЖШС өкілі Денис Пытьев өтпелі кезеңсіз қолданыстағы өндірістердің жұмысын тоқтатып қою қаупі бар екенін жеткізді.
Ал «Регион 715» ЖШС бас директоры Александра Русина мәселе бойынша салмақты пікір білдірді. Оның айтуынша, тізілім жалған өндірушілерден қорғанудың тиімді құралына айналуы мүмкін. Алайда қазіргі таңда сала белгісіздік жағдайында қалып отыр: кімнің және қашан тізілімге енгізілетіні, отандық өндіруші мәртебесін қалай растау қажеттігі түсініксіз.
– Біз уақытынан үлгермей, қолданыстағы келісімшарттардан айырылып қалуымыз мүмкін, – деп орынды алаңдаушылық білдірді компания басшысы.
Нарық қатысушыларының ортақ пікірі бойынша, тізілімді енгізу отандық өндірушілерді дамыту мен қолдау құралына айналуы тиіс, ал нарықты тұрақсыздандыру факторы болмауы керек. Барлығы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен QazIndustry тарапынан жедел әрі нақты түсіндірмелерді күтіп отыр. Бұл өтпелі кезеңді бірқалыпты өткізуге және отандық тауар өндірушілердің шығынға ұшырауына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: kazpravda.kz