Заманауи машина жасауды технологиялардың, инженерлік шешімдердің және өндірісті жергіліктендірудің үздіксіз дамуынсыз елестету мүмкін емес. Дәл осы бағытпен бүгінде толық өндірістік циклді қазақстандық кәсіпорын – «KARLSKRONA LC AB» ЖШС дамып келеді. Өз қызметі барысында компания алғашқы өндірістерді іске қосудан бастап, жоғары технологиялық өндірісі бар заманауи кәсіпорынға дейінгі даму жолынан өтті.
Бүгінде кәсіпорында шамамен 180 қызметкер еңбек етеді. Шымкент қаласындағы өндірістік алаң өнеркәсіптік жабдықтарды дайындаудың толық циклін – инженерлік жобалаудан бастап дайын өнімді сынақтан өткізуге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.
2003 жылы құрылған компания бүгінде өнеркәсіптік сорғы жабдықтарын әзірлеуге, өндіруге, жеткізуге және сервистік қызмет көрсетуге маманданған. Сонымен қатар кәсіпорын әртүрлі үлгідегі ортадан тепкіш сорғыларды, сорғы станцияларын, автоматтандырылған басқару жүйелерін, электр техникалық өнімдерді, блокты-модульдік конструкцияларды және стандарттан тыс бұйымдар шығарады.
Шымкенттегі өндірістік кешен өнім өндірудің барлық негізгі кезеңдерін – инженерлік жобалау мен құю өндірісінен бастап механикалық өңдеу, құрастыру, сынақтан өткізу және сервистік сүйемелдеуге дейін кезеңдерді біріктіреді. Мұндай тәсіл тапсырыс берушілердің сұраныстарына жедел ден қоюға және өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде KARLSKRONA LC AB жабдықтары мұнай-газ, атом және тау-кен-химия салаларында кеңінен қолданылады.
Кәсіпорынның тапсырыс берушілері қатарында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ еншілес ұйымдары бар. Сондай-ақ компания CLAAS, ALSTOM, Karachaganak Petroleum Operating B.V., «Теңізшевройл» ЖШС, North Caspian Operating Company N.V. және «Росатом» мемлекеттік корпорациясы сияқты халықаралық өнеркәсіптік компаниялармен және ірі жобалардың операторларымен ынтымақтастық орнатқан.
Локализация арқылы даму
KARLSKRONA LC AB компаниясының дамуына ықпал еткен негізгі факторлардың бірі Қазақстанның ұлттық компанияларымен серіктестік болды. Ұзақ мерзімді жобаларға қатысу кәсіпорынға өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жоғары технологиялық өнім түрлерін игеруге мүмкіндік берді.
Өндірістік базаны дамытуға бағытталған алғашқы ірі инвестициялар «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес ұйымдарына ұңғымалық батырмалы сорғыларды жеткізуге арналған үш жылдық келісімшарттың арқасында жүзеге асырылды. Осы тапсырыстың нәтижесінде кәсіпорын заманауи жабдық сатып алып, өзінің өндірістік цехтарын іске қосты.
Келесі кезеңде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес ұйымдарымен мұнайды өндіруге, тасымалдауға және қайта өңдеуге арналған сорғы жабдықтарын өндіру бойынша офтейк-келісімшарттар жасалды. 2024 жылы компания «Самұрық-Энерго» АҚ-мен конденсат сорғыларын өндіруге арналған офтейк-келісімшартқа қол қойып, тендерлік рәсімдердің қорытындысы бойынша шлам сорғыларын шығаруды бастады.
Мұндай ынтымақтастық өндірілетін өнім түрлерін едәуір кеңейтуге, жаңа технологияларға инвестициялар тартуға, өндірістік қуаттарды ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар кәсіпорын бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген өнім түрлерін игеріп, бұл отандық машина жасауды дамыту мен импортты алмастыру жолындағы маңызды қадамға айналды.
Қазіргі таңда кәсіпорын шығаратын сорғы жабдықтарындағы жергілікті қамту үлесі 60–80%-ға, ал құю өндірісінің өнімдері бойынша 90%-ға дейін жетеді. Кәсіпорын өзінің конструкторлық сүйемелдеуін дамыту, құю өндірісін кеңейту, механикалық өңдеу көлемін ұлғайту және қазақстандық өндірушілердің құрамдас бөлшектерін пайдалану арқылы жергіліктендіру деңгейін одан әрі арттыруды жалғастыруда.
Халықаралық стандарттар және экспорттық әлеует
Тапсырыс берушілердің жоғары талаптары өндірістік процестерді үздіксіз жетілдіруге ынталандырды. Кәсіпорын ISO, API халықаралық стандарттарына және МАГАТЭ талаптарына сәйкес келетін жабдықтар шығарады. Бұл компанияға ішкі нарық шеңберінен шығып, халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік берді.
Бүгінде кәсіпорынның жабдықтары атом энергетикасы нысандарында, оның ішінде Түркиядағы «Аккую» және Үндістандағы «Куданкулам» атом электр станцияларының жобаларын іске асыру барысында қолданылуда.
Бұл тәжірибе қазақстандық өнеркәсіптік жабдықтың халықаралық тапсырыс берушілердің жоғары техникалық талаптарына толық сәйкес келетінін және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие бола алатынын дәлелдейді.
Сонымен қатар компания ALSTOM компаниясы үшін автотіркегіш құрылғыларды, ал CLAAS компаниясы үшін ауыл шаруашылығы техникасына арналған балласт жүктерін өндіруді игеріп, қазақстандық машина жасаудың экспорттық әлеуетін кеңейтіп келеді.
Бұл өндірістік базаның икемділігін, кәсіпорынның тапсырыс берушілердің талаптарына бейімделу қабілетін және экспортқа бағдарланған бағыттарды дамыту мүмкіндігін айқын көрсетеді.
Технологиялар мен кадрларға инвестиция
Кәсіпорынның тұрақты дамуы мықты инженерлік мектепсіз мүмкін емес. Бүгінде өндірісте шамамен 180 қызметкер еңбек етеді, ал компания жабдықтарды жаңғыртуға, өндірістік процестерді автоматтандыруға және мамандар даярлауға тұрақты түрде инвестиция салып келеді.
Кәсіпорында заманауи еңбек жағдайлары жасалған: қызметкерлер жоғары технологиялық жабдықтарда жұмыс істейді, жеке қорғаныс құралдарымен, корпоративтік көлікпен және ұйымдастырылған тамақпен қамтамасыз етілген. Өндірістік процестер үнемі жаңғыртылып, цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелері енгізілуде. Бұл өндірістің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кадр даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Техникалық жоғары оқу орындарымен бірлесіп дуалды оқыту, өндірістік тәжірибе және тәлімгерлік бағдарламалары жүзеге асырылуда. Жас мамандар өндірісте тәжірибелі инженерлер мен шеберлердің жетекшілігімен заманауи технологияларды меңгере отырып білім алады. Кәсіпорын үшін бұл болашақ қызметкерлерді даярлаудың тиімді жолы ғана емес, сондай-ақ инженерлік білім мен өндірістік құзыреттердің сабақтастығын сақтаудың маңызды тетігі болып табылады.
Сонымен қатар кәсіпорын инженер-конструкторлар, технологтар, автоматтандыру мамандары, құю өндірісі және сапа саласының мамандары сияқты негізгі инженерлік мамандықтар бойынша кадрлық резерв қалыптастыруда. Мұндай тәсіл кадр тапшылығын азайтып қана қоймай, кәсіпорынның ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Машина жасау – болашақтың саласы
Соңғы жылдары KARLSKRONA LC AB өндірістік мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп қана қоймай, қазақстандық кәсіпорындардың елімізде де, халықаралық нарықта да сұранысқа ие бәсекеге қабілетті жоғары технологиялық өнім өндіруге қабілетті екенін дәлелдеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ие болуы өндірістік процестердің тұрақтылығының, шығарылатын өнім сапасының және компанияның отандық өнеркәсіпті дамытуға қосқан үлесінің жоғары бағаланғанының айқын көрінісі болды. Сонымен қатар KARLSKRONA LC AB «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының жеңімпаздарының қатарынан орын алды.
Компания дамуының маңызды кезеңдерінің бірі API 610 стандартын қамтитын API Spec Q1 сертификатын алуы болды. KARLSKRONA LC AB үшін бұл жай ғана ресми сертификат емес, сапа менеджменті жүйесінің халықаралық мұнай-газ саласының талаптарына толық сәйкес келетінінің дәлелі. Мұндай сертификаттау деңгейі ірі өнеркәсіптік тапсырыс берушілердің сенімін арттырып, компанияның одан әрі дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға қатысу кәсіпорынның жоғары инженерлік құзыреттерін және оның отандық машина жасауды дамытуға қосқан елеулі үлесін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Бүгінде KARLSKRONA LC AB өндірістік қуаттарын кеңейтуді, жаңа өнім түрлерін игеруді және ұлттық компаниялармен әрі халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырып келеді. Кәсіпорынның тәжірибесі өндірісті жүйелі түрде жергіліктендіру, заманауи технологияларды енгізу және инженерлік құзыреттерді дамыту Қазақстанда ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті жоғары технологиялық өнім шығаруға мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы өндірісті дамытуға инвестиция салып, заманауи технологияларды енгізіп, локализация деңгейін арттырып отырған кәсіпорындарды тұрақты түрде қолдайды. Дәл осындай компаниялар еліміздің қуатты машина жасау кешенінің негізін қалыптастырып, Қазақстанның стратегиялық жобаларын іске асыруға елеулі үлес қосып келеді.
Одақтың Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбековтің айтуынша, KARLSKRONA LC AB компаниясының даму тарихы отандық өндірушілердің ұлттық компаниялармен ынтымақтастығы машина жасау саласының дамуына қаншалықты маңызды әсер ететінін айқын көрсетеді.
«Тәжірибе көрсеткендей, ұлттық компаниялармен ұзақ мерзімді ынтымақтастық отандық кәсіпорындарға өндірісті жаңғыртуға, заманауи технологияларды игеруге және шығарылатын өнім номенклатурасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл өндірісті локализациялауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және отандық машина жасаудың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
KARLSKRONA LC AB – осындай дамудың жарқын үлгілерінің бірі. Кәсіпорын қазақстандық өнеркәсіптің қажеттіліктерін табысты қамтамасыз етіп қана қоймай, отандық өндірушілердің әлемдік деңгейдегі өнім шығарып, Қазақстандағы және шетелдегі ірі өнеркәсіптік нысандарда сұранысқа ие бола алатынын дәлелдеп отыр», – деп атап өтті Талғат Базарбеков.