Ірі жаһандық автоконцерндер өндіріс географиясын өзгертуде: жаңа зауыттар шығындары төмен әрі өсу әлеуеті жоғары өңірлерде ашылуда. Машина жасау әлемі жаңа күш орталықтарына қарай бағыт алып келеді, және бұл үдерістен Қазақстан да шет қалмайды.
TESLA ҚЫТАЙДАҒЫ ӨНДІРІСІН КЕҢЕЙТУДЕ
Tesla өз өндірістік қуатын әртараптандырып, негізгі шетелдік нарықтардағы қатысуын нығайтуда. Ақпан айында америкалық компания Шанхай қаласында энергия сақтау жүйелерін шығаратын алғашқы Megapack зауытын іске қосты. Кәсіпорын жылына 10 мыңға дейін қондырғы өндіре алады, ал жобаның инвестиция көлемі 500 миллион АҚШ долларынан асады.
Бұл алаң бұрыннан жұмыс істеп тұрған Gigafactory Shanghai зауытының қызметін толықтырды. Өткен жылы бұл зауытта 1 миллионға жуық электромобиль (Model 3 және Model Y) өндірілді. Қытай автомобиль өндірушілер қауымдастығының мәліметінше, олардың шамамен 40%-ы Еуропаға, Азияға және Австралияға экспортталған.
JCB ИНЖЕНЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫН ҮНДІСТАНҒА КӨШІРДІ
Британдық ірі құрылыс техникасын өндіруші JCB компаниясы инженерлік операцияларының басым бөлігін Үндістанға ауыстырды. Қазіргі таңда құрастыру мен бөлшектердің үштен бірі Пуна қаласында жүзеге асырылады, мұнда 6 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Ел аумағында сонымен қатар 60-тан астам дилерлік және 700 сервис орталығы бар.
JCB Үндістанды болашағы зор нарық ретінде қарастырады: елде инженерлік база жақсы дамыған, құрылыс техникасына ішкі сұраныс артып келеді және географиялық тұрғыдан Азия, Африка мен Таяу Шығысқа экспортқа қолайлы орналасқан.
BYD 2026 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ОҢТҮСТІК АФРИКАДАҒЫ ДИЛЕРЛІК ЖЕЛІСІН ҮШ ЕСЕЛЕЙДІ
Қытайдың жетекші автокөлік өндірушісі BYD 2026 жылға дейін Оңтүстік Африкадағы дилерлік желісін үш есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр. Компания сонымен қатар электромобиль инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салмақ. Келесі жылдың соңына дейін BYD ел бойынша 300-ге жуық қуаттау станциясын орнатуды көздейді. Олардың кейбірі 1 МВт-қа дейінгі жоғары қуатты қолдайды, бұл автокөліктерді бірнеше минутта зарядтауға мүмкіндік береді.
BYD Оңтүстік Африканы стратегиялық нарық деп санайды: мұндағы электромобиль нарығы әлі қалыптаспаған, яғни бәсекелестік төмен. Сонымен қатар елде автонесиелеу жүйесі жақсы жолға қойылған, бұл электрокар сату көлемін арттыруға қолайлы жағдай жасайды.
Дереккөз: 24.kz