«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ жобалар департаменті директорының орынбасары Иса Құдабеков конвейерлік жүйелерге арналған компоненттер өндіруге маманданған және Repa Group құрамына кіретін нидерландтық Repa Conveyor Equipment B.V. компаниясының басшылығымен кездесу өткізді.
Тараптар Қарағанды облысында көмір, тау-кен және құрылыс өнеркәсібіне арналған таспалы конвейерлер үшін конвейерлік роликтер шығаратын зауыт құру жобасын талқылады. Жоба кәсіпорынды заманауи өндірістік желілермен жабдықтауды, дайын өнімді сақтау және логистиканы ұйымдастыруды, сондай-ақ халықаралық сапа стандарттарын енгізуді көздейді.
Жобаның инвестиция көлемі 5 млн АҚШ долларына бағалануда. Өндірісті іске қосу 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу және өнімді ЕАЭО мен Орталық Азия елдеріне экспорттау базасын құру қарастырылып отыр.
Иса Құдабеков еуропалық компаниялардың өндірісін Қазақстанда жергіліктендіру елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және жаңа экспорттық бағыттарды қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Repa Conveyor Equipment компаниясының негізін қалаушы және директоры Ричард ван дер Лаанның айтуынша, нидерландиялық технологияларды пайдалану Қазақстанда экологиялық таза және энергия үнемдейтін өндірісті іске қосуға мүмкіндік береді, ол өнімнің ұзақ мерзімді қызмет етуіне және өнеркәсіптік компаниялардың шығындарын азайтуға бағытталады.