24.07.2026
Каспий жағалауында құны 267,3 млн АҚШ долларын құрайтын кеме жасау верфі салынады

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Маңғыстау облысындағы өндірістік нысандарды аралады.

Ақтауда Үкімет басшысына Каспий теңізі жағалауында заманауи кеме жасау верфін салу жобасы таныстырылды. Жобаға кемінде 125 млрд теңге (267,3 млн АҚШ доллары) инвестиция тарту жоспарланып отыр.

«Кәсіпорын азаматтық және мамандандырылған кемелерді жобалау мен салудан бастап, оларға техникалық қызмет көрсету және күрделі жөндеу жұмыстарын қамтитын толық өндірістік циклді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ экипажсыз суүсті аппараттарын шығару көзделген. Верфтің өндірістік қуаты жылына 8 жаңа кеме жасап, 24 кемеге жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді», – деді YDA Group директорлар кеңесінің төрағасы Хусейн Арслан.

Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 1,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар технологиялар трансфері жүзеге асырылып, халықаралық стандарттар енгізіледі және қазақстандық мамандарды даярлайтын оқу орталығы құрылады. Өндірістік кооперацияға отандық шағын және орта бизнес кәсіпорындарын тарту жоспарланған.

Бұдан бөлек, Құрық портында көпфункционалды терминалдың бірінші кезеңін салу жоспарланып отыр. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы шілдеде Қытай Халық Республикасына жасаған сапары барысында қол жеткізілген келісімдер аясында іске асырылады. Guoyou Materials Group директорлар кеңесінің төрағасы Юй Боянның айтуынша, компания жобаға 470 млрд теңге (1 млрд АҚШ доллары) инвестиция құяды.

«Жоба аясында автоматтандырылған контейнерлік терминал салу, ұлттық теміржол желісіне қосылатын теміржол тармағын жүргізу, контейнер тасымалдайтын кемелер мен паромдарды жеткізу көзделген. Бірінші кезеңнің өткізу қабілеті жылына 15 млн тоннаға дейін жүк өңдеуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары 2026–2028 жылдарға жоспарланған», – деді Юй Боян.

Жобаның екінші кезеңі 2029–2031 жылдары жүзеге асырылып, нысанды пайдалануға беру 2032 жылға жоспарланған. Барлық кешен толық аяқталғаннан кейін оның жылдық өткізу қуаты шамамен 25 млн тоннаға жетіп, алдағы уақытта оны одан әрі кеңейту мүмкіндігі қарастырылған.

Дереккөз: sputnik.kz