13.10.2026
KARLSKRONA: ұлттық компаниялармен ынтымақтастық сорғы жабдықтарының отандық өндірісін қалай дамытып келеді

Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың ұзақ мерзімді тапсырыстары отандық машина жасаушыларға өнімнің жаңа түрлерін игеруге, өндірістік қуаттарға инвестиция салуға және жергіліктендіру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. «KARLSKRONA LC AB» ЖШС-нің тәжірибесі ұлттық компаниялармен ынтымақтастық уран өндіру, мұнай-газ және энергетика салаларына арналған сорғы жабдықтарының өндірісін дамытуға қалай ықпал ететінін көрсетеді.


Уран өндіруден мұнай-газ саласына дейін

KARLSKRONA компаниясының «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тобына кіретін кәсіпорындармен ынтымақтастығының негізгі бағыттарының бірі – ұңғымалық батырмалы сорғылар өндіру. Бұл жабдықтар «Буденовское» БК» ЖШС, «Ақбастау» БК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» ЖШС, «Семізбай-U» ЖШС, «ИНКАЙ» БК» ЖШС, «Turanium» ЖШС және «Байкен-U» ЖШС кәсіпорындарына жеткізіледі.

Маңызды кезеңдердің бірі – «Буденовское» БК» ЖШС-мен «жергіліктендіру үшін инвестиция» қағидаты бойынша үш жылдық келісімшарт жасасу болды. Бұл келісім KARLSKRONA кәсіпорнына өндірістік жабдықтар сатып алып, алғашқы өндірістік учаскелерді іске қосуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде технологиялық құзыреттерді одан әрі дамытуға негіз қаланды.

2020 жылдан бастап KARLSKRONA «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымдары үшін де жаңа өндірістер құруға жәрдемдесу бағдарламасы аясында өнеркәсіптік сорғылар шығаруды игеріп келеді. Бұл тапсырыстар бұрын шетелден сатып алынған өнімдерді жергіліктендіруге және отандық сорғы жабдықтарының номенклатурасын кеңейтуге бағытталған.

Кәсіпорын «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ үшін CNP сериялы сорғыларды, «Өзенмұнайгаз» АҚ үшін СЭ 1250-140-11 сорғы агрегаттарын, ал «Ембімұнайгаз» АҚ үшін CHP сериялы консольді сорғыларды жеткізеді.

Тағы бір мысал – «ҚазТрансОйл» АҚ арналған CNP (SA) 1700-156 (S) сорғы агрегаты. Оны қабылдау-тапсыру сынақтары тапсырыс беруші өкілдерінің қатысуымен өткізілді.


Жылу энергетикасына арналған жаңа бағыттар

«Самұрық-Энерго» АҚ-мен ынтымақтастық KARLSKRONA кәсіпорнына жылу энергетикасына арналған сорғы жабдықтарын өндіру бағытын кеңейтуге мүмкіндік берді.

Жаңа өндірістер құруға жәрдемдесу бағдарламасы аясында кәсіпорын «Самұрық-Энерго» АҚ еншілес ұйымы – «Алматы электр станциялары» АҚ үшін конденсат сорғыларын өндіруге офтейк-келісімшарт жасасты. Сонымен қатар тендер қорытындысы бойынша шлам сорғыларын өндіруге арналған келісімшартқа қол қойылды.

Бұл жобалар өнім номенклатурасын кеңейтуге негіз болды. Осылайша, KARLSKRONA уран өндіруге арналған ұңғымалық батырмалы сорғылардан бастап мұнай өнеркәсібіне арналған сорғыларға, конденсат және шлам сорғыларына дейін әртүрлі салаларға қажетті жабдықтар өндірісін кезең-кезеңімен игеріп келеді.


Толық өндірістік цикл

Бүгінде KARLSKRONA өндірістік циклі конструкторлық әзірлемелерді, дайындамалар жасау мен құюды, механикалық өңдеуді, дәнекерлеуді, құрастыруды, бояуды, сынақтан өткізуді және сервистік сүйемелдеуді қамтиды. Инженерлік және технологиялық жұмыстарда ProCAST, «СПРУТ-ТП», КОМПАС-3D және SolidWorks бағдарламалары қолданылады.

Кәсіпорынның мәлімделген өндірістік қуаттары жылына 10 мың бірлікке дейін сорғы жабдығын және 3,5 мың тоннаға дейін құйма өнімдері мен стандартты емес жабдық шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 180 адам еңбек етеді.

Өз өндірісін дамыту жергіліктендіру деңгейіне де әсер етеді. Сорғы жабдықтарындағы ел ішіндегі құндылықтың үлесі бұйымның түрі мен жинақталуына қарай шамамен 60–80%, ал құйма өнімдері бойынша мәлімделген көрсеткіш 90% құрайды.


Сапа және сервистік сүйемелдеу

Өнеркәсіптік тапсырыс берушілер үшін жабдықтың техникалық сипаттамалары ғана емес, өндіріс, сынақтан өткізу және жеткізу кезеңдеріндегі сапаны бақылау да маңызды.

KARLSKRONA кәсіпорнының сапа менеджменті жүйесі API Spec Q1 талаптарына сәйкес келеді. API 610 стандарты бойынша сорғылар өндірілген кезде оның талаптары тиісті сертификаттау саласы мен нақты келісімшарт шеңберінде қолданылады. Кәсіпорында сондай-ақ ISO 9001, ISO 14001 және ISO 45001 стандарттарына сәйкес сапа менеджменті, экологиялық менеджмент және еңбек қауіпсіздігі жүйелері енгізілген.

Әрбір жеткізілімге қойылатын талаптар техникалық ерекшелікпен, келісімшартпен және сапа жөніндегі келісілген құжаттармен айқындалады. Тапсырыстың ерекшелігіне қарай олар өндірісті бақылауды, материалдар мен бұйымдардың қадағалануын, сынақтар өткізуді және ілеспе құжаттаманы дайындауды қамтиды.

Компания келісімшартта көзделген көлемде жабдықты жобалау және таңдау, дайындау мен сынақтан өткізу, жеткізу, пайдалануға беру және сервистік қызмет көрсету кезеңдерінде сүйемелдейді. Қазақстанда өндірістің және техникалық мамандардың болуы ел ішінде жабдықтарға қызмет көрсету мен қосалқы бөлшектерге қатысты мәселелер бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпорынның жетістіктері қатарында «Алтын Сапа» ұлттық сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» байқауының марапаты бар.

KARLSKRONA тәжірибесі ұлттық компаниялармен ынтымақтастық өнім сатып алу тетігі ғана емес, отандық машина жасауды дамытудың да маңызды ынталандырушы факторы бола алатынын көрсетеді. Офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді келісімдер жабдықтардың жаңа түрлерін игеруге, өндірісті жаңғыртуға және жергіліктендіру деңгейін арттыруға жағдай жасайды.

Алдағы уақытта зауыт API 610 талаптарына сәйкес келетін сорғылардың номенклатурасын кеңейтуді, тапсырыс берушілермен бірлесіп игеруге перспективалы өнім түрлерін айқындауды және компоненттерді жергілікті жерде өндіруді дамытуды жоспарлап отыр. Басым бағыттардың қатарында Атырау және Маңғыстау облыстарындағы өңірлік сервисті дамыту және қоймалардағы қорды қалыптастыру да бар.

Осылайша, ұлттық компаниялармен ынтымақтастық KARLSKRONA-ға өндірістік құзыреттерін кеңейтіп, Қазақстан экономикасының бірнеше негізгі саласына арналған сорғы жабдықтарының отандық өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.