Астанада Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы өтті. Қазақстан машина жасаушыларының одағында атап өткендей, бұл алаң дәстүрлі түрде өнеркәсіптің қазіргі жағдайы мен даму келешегін талқылау үшін бизнес пен мемлекетті біріктіреді.
Форум жұмысына Премьер-министр Олжас Бектенов қатысып, VII Kazakhstan Machinery Fair 2026 халықаралық мамандандырылған машина жасау және металл өңдеу көрмесін аралап көрді.
Форумның пленарлық отырысында Премьер-министр Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына сәйкес Қазақстанда машина жасау саласын дамыту үшін болжамды әрі тұрақты орта қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мемлекет пен бизнестің ортақ міндеті — әділ әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 5,7 трлн теңгеге жетіп, нақты көлем индексінің өсімі 13%-ға жуықтады. Отандық өндірушілер сыртқы нарықтарға сенімдірек шығып келеді. Бұған соңғы бес жыл ішінде экспорт көлемінің екі еседен астам өсуі дәлел: 1,3 млрд доллардан 3,1 млрд долларға дейін.
Өсімге автомобиль жасау, теміржол машина жасау және электротехникалық машина жасау сияқты бағыттар елеулі үлес қосты.
Жаһандық бәсекелестік жағдайында, Қазақстан машина жасаушыларының одағы мәліметінше, негізгі факторлардың бірі — технологиялық даму деңгейі. Ал зауыттарға жаңа технологияларды жедел енгізу саланы трансформациялаудың маңызды элементіне айналуда.
Форум жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, салалық министрліктердің өкілдері, ұлттық компаниялар, бизнес-қоғамдастық мүшелері, ірі тұтынушылар және машина жасау өнімдерінің жетекші өндірушілері қатысты.
Форумның екі күні бойы панельдік және секциялық отырыстарда машина жасауды дамытудың кешенді жоспарын іске асыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіру, роботтандыру мен цифрландыруды енгізу, саланы ынталандыру, кадр даярлау, сондай-ақ теміржол, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, электротехникалық машина жасау, автомобиль жасау және тау-кен металлургия кешеніне арналған машина жасау бағыттарын дамыту мәселелері талқыланды.
Форум аясында бірқатар маңызды келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Олардың қатарында Чехия инженерлік технологиялар қауымдастығымен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандум, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «QazaqGaz» ҰК» АҚ және «ERG Коммерциялық орталығы» ЖШС үшін отандық тауар өндірушілердің өнімдерін жеткізуге арналған оффтейк-келісімшарттар мен ниет туралы келісімдер бар.
Дереккөз: tengrinews.kz