Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы тапсырмалары аясында тұрақты өсімді қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікті қолдауға, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған экономиканы дамыту жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыруда.
2025 жылдың тоғыз айында ел экономикасының өсуі 6,3%-ды құрады. Бүгінде көлік, құрылыс, сауда және өнеркәсіп салалары экономиканың қозғаушы күшіне айналып отыр.
Макроэкономика және қаржылық тұрақтылық
Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсуі 6,3%-ға жетті, бұл жыл басындағы көрсеткіштен 2,3 пайыздық тармаққа жоғары. Өсу қарқыны қаңтардан қыркүйекке дейін жеделдеді: қаңтарда – 3,8%, қаңтар-ақпанда – 5,4%, қаңтар-наурызда – 5,6%, қаңтар-сәуірде – 6%, қаңтар-мамырда – 6%, қаңтар-маусымда – 6,3%, қаңтар-шілдеде – 6,3% және қаңтар-тамызда 6,5% болды.
Бұл өсу қарқыны экономиканы әртараптандыру және салаларды теңгерімді дамыту есебінен жүзеге асырылуда. Өсімнің негізгі драйверлері көлік және қоймалау қызметтері (+21,2%), құрылыс (+14,9%), сауда (+8,8%), тау-кен (+9,3%) және өңдеу өнеркәсібі (+6,2%) болды.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің өсуі орта және ұзақмерзімді тұрақты даму үшін берік негіз қалыптастырып отыр.
Биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында инвестициялар жылдық мәнде 13,5%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 30,7%-ға ұлғайды.
Инвестициялардың жандануы іскерлік белсенділіктің өсуімен, екінші деңгейлі банктердің бизнеске несие беру көлемінің ұлғаюымен, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды, сондай-ақ «Тарифті инвестицияға айырбастау» және «Келешек мектептері» бағдарламаларын жүзеге асырумен байланысты.

Бизнесті мемлекеттік қолдау
2024 жылдың қорытындысы бойынша жеңілдікпен қаржыландыру шараларымен жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жуық 26 мыңнан астам бизнес жоба қамтылды.
2025 жылы микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттерін субсидиялауды қарастыратын жеңілдікпен несие берудің жаңа тетігі бекітілді. Субсидияланатын кредит сомасы 200 млн теңгеден аспайды, сыйақы мөлшерлемесі – 12,3%, кредит беру мерзімі – 3 жылға дейін.
Жеңілдікпен кредит беретін жаңа «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды, оның аясында кәсіпкерлер 10 жылға дейінгі мерзімге 12,6% мөлшерлемесі бойынша 7 млрд теңгеге дейін кредит ала алады. Бүгінде 392 млрд теңгеге кәсіпкерлік субъектілерінің 1 095 жобасы қаржыландырылды.
«Даму» қорының базасында екі кепілдік беру қоры құрылды.
100-ден астам қаржылық және қаржылық емес шараларды қамтитын Бірыңғай өзекті тізілім жасалды. Оның тиімділігіне мониторинг жасау үшін «Baqylauda» жүйесі енгізілді, ол ашықтық пен бағдарламаның орындалуын қадағалауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң қолданысқа енгізілді.
Ол сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға, рәсімдердің мерзімін қысқартуға және ашықтықты арттыруға бағытталған.Сатып алуды өткізу мерзімі үш есеге 30-дан 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Қоғамдық мониторинг жүргізіледі, жеткізушілердің жауапкершілігі күшейтілді.
«Кілтімен тапсырғанға дейін» тетігі енгізілді, қосалқы мердігерге берілетін жұмыстар көлемі 30%-ға дейін қысқартылды.
Мөлшері аз сатып алуды жүзеге асыру мақсатында 100 АЕК-ке дейінгі тауарларды, 500 АЕК-ке дейінгі жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден алу құқығы енгізілді. Ауылдық әкімдіктер үшін бір көзден сатып алу шегі 3 мың АЕК-тен 4 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды. 2019 жылдан бері бір көзден мемлекеттік сатып алу көлемі 34%-дан 26%-ға дейін төмендеді.
«Электрондық қаржы орталығы» АҚ-ның базасында қолданыстағы сатып алу алаңдарын (goszakup.gov.kz, zakup.sk.kz, mitwork.kz) интеграциялау арқылы Бірыңғай сатып алу платформасы құрылды.
2025 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу көлемі 9,4 трлн теңгені, отандық тауар өндірушілермен жасалған шарттар саны – 140 712 бірлікті, сомасы – 399,86 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (жалпы сомасы 202,5 млрд теңгеге 109 909 шарт) айтарлықтай жоғары.
Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы
Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі жетекші инвестициялық бағыттардың бірі ретіндегі мәртебесін сақтап қала алды. ЮНКТАД деректеріне сәйкес, 2024 жылы теңізге шыға алмайтын елдерге арнап жарияланған 5 greenfield-жобаның төртеуі Қазақстанда жүзеге асты.
Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі $17,2 млрд-ты құрады, 45 жаңа жоба жүзеге асырылып, 6 200 жұмыс орны ашылды.
Инвестицияның негізгі бағыттары:
Аса ірі инвесторлар: Ресей ($4,1 млрд), Нидерланды ($3,8 млрд), Оңтүстік Корея ($1,2 млрд), Бельгия ($1,2 млрд) және Қытай ($1,2 млрд).
2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағыны $10,1 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға артық.
Үкімет инвестиция тарту, бизнесті дамыту және экономиканы демонополизация жасау жөніндегі бұл жұмыстарды жалғастыра беретін болады.
Дереккөз: primeminister.kz